Әр науқасқа бірінші кезекте мейірім қажет - медбике

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Бүгін Халықаралық медбикелер күні. Талдықорғандағы облыстық көпсалалы онкологиялық клиникада медбике болып істейтін Құндыз Бектұрова әр науқасқа бірінші кезекте мейірім қажеттілігін айтады.

Көп жыл медбике болып істеп келе жатқан Құндыз Бектұрова өзі қатысқан алғашқы операцияны еске алды. Оның айтуынша, науқастың сол кезде асқазанын толықтай алып тастаған.

«Ол отаның жасалғанына да 22 жыл өтті. Алғаш рет жұмысқа орналасқан кезім еді. Жазылмайтын дертке шалдыққан науқастың толықтай асқазанын көз алдымда алып тастады. Әрине отада қатты қорықтым.Күрделі ота болғандықтан науқас өмір сүрмейтін шығар деген ой келді. Бірақ, мен қателесіппін. Отадан кейін ол адам 15 жыл өмір сүрді. Сондықтан қатерлі ісікке шалдыққан жандар бірден күйзеліске түспесе екен деп тілеймін. Себебі, дер кезінде дәрігерге қаралса, дертпен күресуге болады», - дейді Құндыз Бектұрова.


Құндыз ол кезде небәрі 23 жаста ғана болыпты. Табандылық, жұмысына деген сүйіспеншіліктің арқасында ол онкологиялық клиникада 22 жылдан бері істеп келеді.

«Қатерлі ісік жайлы білгенде науқастардың басым бөлігі бірден күйзеліке түседі. Жылайды. Қиналады. Сол кезде біз оларға емдік шаралармен қатар, психологиялық көмек те көрсетеміз. Әр науқастың сауығып кетуін тілеумен жүреміз. Әрине мүндай жерде жұмыс істеу оңай емес. Көз алдымызда олар өмір мен өлім арасында арпалысады. Химия алған сәтте жандары қиналған науқастардың шашы түсіп, денелерінде ісік те пайда болып жатады. Бірақ олар өмір үшін күресіп, дертті те көп жағдайда жеңіп шығады. Ең бастысы үміт үзілмеу керек деп санаймын. Әр адам өз денсаулығына немқұрайды қарамаса деп тілеймін», - деді жаны мейірімге толы медбике.


Құндыз Алтайқызы жұмыс істейтін жерде 80-ге жуық медбике бар. Ол бас медбике қызметін атқарады. Әр маманға жұмысқа мейірімділікпен қарау керектігін жиі қайталаймын дейді.

«Бізде басқа ауруханалардағыдай емес, жағдай басқаша. Қатерлі ісікке шалдыққан жандарды емдейміз. Сол себепті, медбикелерден әр кез өз жұмыстарына шыдамдылық танытуды сұраймын. Себебі, әр науқасқа бірінші кезекте мейірім қажет. Тіпті кейде емдік шаралардан бас тартып, бізді ұрып жіберетін де сәттер болады. Оның барлығына тек түсіністік танытамыз», - деді Қ. Алтайқызы.


Құндыз Бектұрова Талдықорғандағы бұрыңғы медициналық училищені (қазір атауы Медициналық колледж) бітірген. Қазір екі баланың анасы. Қызы Алматы облыстық экология депатаментінде бас маман болып жұмыс істейді. Ал ұлы Алматыдағы «Нархоз» университетінің 3-ші курс студенті.

Алматы облысындағы Ақсу ауданына қарасты Матай ауылында дүниеге келген медбике әр маман жұмыста табандылық таныту керек деген ұстанымда. Сонда еңбектің де жемісті болатынына ол сенімді. Құндыз Бектұрова қазір өзі білім алған шаңырақта да студенттерге дәріс оқып, білімді ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосуда.


Соңғы жаңалықтар