Арал, Қазалы, Қармақшыда – көктайғақ: көлік қозғалысы тоқтатылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында көктайғақ болуына байланысты тасжолдардағы көлік қозғалысы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың 10 желтоқсан күні жергілікті уақытпен 18 сағат 30 минуттан бастап ауа-райының нашарлауына байланысты барлық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1646 шақырым аралығында осындай шектеу бар. Ол Ақтөбе облысының шекарасынан бастап Қармақшы ауданының Жосалы кенті аралығын қамтиды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы жұмылдыру басқармасынан.

«Бүгін Қазалы ауданы аумағы мен аудан орталығында көктайғақ болып тұр. Осыған орай Қызылорда облысының облыстық маңызы бар автомобиль жолындағы көлік қозғалысы тоқтатылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолындағы көліктерді аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері автомобильдерді уақытша автотұрақтарға қойып, жүргізушілерді ыстық шаймен қамтамасыз етуде», - деп мәлім етті Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жеңісбек Айымқұлов.

Қызылорда облысы жұмылдыру басқармасының хабарлауынша, облыс аумағында жаңбыр, қар, көктайғақ жағдайына байланысты көліктердің қозғалысына шектеу қойылған.

Дәл осындай жағдай Арал ауданында қайталанып отыр. Аудан әкімдігі жолаушыларға сақтық шараларына баса назар аудару қажеттігін айтады.

Соңғы жаңалықтар