Әрбір бесінші жемқорлық мемлекеттік сатып алу саласында болады- агенттік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік сатып алу саласында 2020 жылдан бастап биылғы 1 тоқсанға дейін 418 қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшылығы сатып алу саласындағы жүйелі проблемалар туралы бірнеше рет айтқан болатын. Биыл 1 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте Президент жылдар бойы сыбайлас жемқорлық пен ысырапшылық бюджет процесінің барлық кезеңдерінде байқалып отырғанын айтты. Қабылданған шаралар да бұл жағдайды айтарлықтай өзгертпеді. Осыған байланысты ол мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар жүйесін қайта қарауды тапсырды», - деді Ұ. Сарқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Статистикаға сәйкес, бюджет шығыстарының жалпы сомасындағы мемлекеттік сатып алу үлесі шамамен 30%-ға жетеді. Ал бұл Қазақстанның ЖІӨ құрылымында шамамен 5%-ды құрайды және нарыққа айтарлықтай экономикалық әсерін тигізеді.

«Бюджет қаражатының мұндай айналымы мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық қатерін күшейтеді. Әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы дәл осы салада жасалады. Мәселен, 2020 жылдан бастап биылғы 1 тоқсанға дейін 418 қылмыстық іс аяқталды және 162 адам сотталды. Талдау көрсеткендей, бұл қылмыстардың 80%-ы орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою және сатып алу жеңімпазын анықтау кезінде бюджет қаражатын ұрлаумен және парақорлықпен байланысты», - деді Ұлан Сарқұлов.


Соңғы жаңалықтар