Аршалы ауданында қандастарға арналған агроқалашық салу қолға алынды

None
None
АРШАЛЫ АУДАНЫ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Аршалы ауданындағы қандастарға арналған агроқалашық инфрақұрылымы құрылысының бірінші кезеңі туралы ҚР Үкіметінің шешімінен кейін, жоба нақты іске асыру кезеңіне өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қауымдастықтың мәліметінше, бүгінгі күні геодезиялық зерттеулер негізінде жер телімдерінің шекарасы анықталып, оларды нақтылау жүргізілді, жолдар мен басқа да инженерлік желі салуға белгі қойылды. Жер телімдері шегінде межелеу жұмыстары қолға алынды.

Үйлердің құрылысы осы жылдың 15 мамырда басталады. Қазіргі есептеу бойынша, агроқалашықтағы алғашқы үйлер биыл күзде бой көтереді.

«Елбасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың шет елдердегі қазақтарды тарихи отанына әкелу, қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалмаған санаттарының тұрғын үй мәселелерін шешу және жаңа жұмыс орындарын ашу туралы тапсырмасы аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» КеАҚ бұдан үш жыл бұрын жергілікті тұрғындар мен қандастар үшін «Асар» әдісін қолданып, «Тұрғынүй және жұмыс» қағидасы бойынша Ақмола мен Түркістан облыстарында коттедж қалашығын салудың екі пилот жобасын ұсынған еді», делінген хабарламада.

Ақмола облысының Аршалы ауданында 196 гектар жер алынып, сондай-ақ, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктерінің тиісті құрылымдарымен 1 282 коттедж салуға келісілді.

Жердің иелері – ЭКСПО-2017 көрмесінің бұрынғы құрылысшылары, негізінен оңтүстік облыстардан келген және елдің солтүстік аймақтарында қалуға, тұруға және жұмыс істеуге ниет білдірген қандастар.

6-8 мың тұрғынға арналған елдімекен маңынан үш жарым мың жұмыс орнын ашу қаралған. Онда 300 гектар жылыжай, ауылшаруашылық өнімін сататын көтерме базар, жылқы, ірі қара мен ұсақ малды өсіріп, бордақылау орталығы болады. Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласын сапалы және қолжетімді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге үлес қосады.

Жобаның бірегейлігі – үйлерді сатып алу мен салуға мемлекет тарапынан ешқандай қаражат жұмсауды қажет етпейді. Жер қазірдің өзінде сатып алынған, үйлерді жер иелерінің өздері «Асар» әдісі бойынша салады әрі бұл үй құнын едәуір төмендетіп, сапасын арттырады.

«Түркістан облысының Келес аймағында осындай шағын аудан салу үшін 300 гектар жер және ауыл шаруашылығына пайдаланылатын 180 гектар суармалы жер бөлу туралы мәселе шешілді. Дайын инфрақұрылымы бар алғашқы 24 гектар жер жақын күндері бөлінеді. Қазірдің өзінде Өзбекстан тарапымен суармалы сумен қамтамасыз ету туралы келісім жасалды, бұл үшін бұрыннан бар арық арнасын тазарту басталды. Мұнда да қандастарды үймен және ауылшаруашылық өнімін өндіретін бағыттағы жұмыспен қамту қарастырылған», делінген хабарламада.

Қауымдастықтың түсіндіруінше, шекаралас Өзбекстан тұрғындары тарапынан ет пен сүт өнімдеріне деген сұраныстың жоғары екендігін ескере отырып, бұл жоба экспортқа бағытталған және шағын отбасы мал фермасын құруға бейімделген. Әр қожалыққа үй мен аула шаруашылығын салу үшін 25 сотыққа дейінгі жер телімі бөлінеді деп жоспарланып отыр. Отбасылық қожалық, өнімдерін өңірде үлкен сұранысқа ие халал негізінде өндіретін болады.

Болашақта мұндай агроқалашықты Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында салу жоспарланып жатыр.

Соңғы жаңалықтар