Арыстанбек Мұхамедиұлы: Өзімізге деген көзқарасты өзгертуіміз керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет пен өнер саласында соңғы жылдары қандай жетістіктерге қол жеткіздік? Қазақстандық фильмдер кинотеатрларда прайм-таймда неге қойылмайды? Әлеуметтік желі қолданушылары бұрынғы мәдениет министрінен нені сұрағысы келеді? ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

ЭТНОАУЫЛ ҚҰРУ АРҚЫЛЫ САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ КЕҢІНЕН НАСИХАТТАДЫҚ

- Арыстанбек Мұхамедиұлы, мәдениет және спорт министрі болған бес жарым жыл ішінде Сіздің бастамаңызбен қандай жобалар жүзеге асты? Ең маңызды, ең сәтті 3 жоба туралы айта аласыз ба?

- Бірінші жоба – елордада өткен EXPO-2017 халықаралық көрмесінде құрған этноауыл. Әуежайға кетіп бара жатқан жолдағы ипподромда апта сайын қыз қуу, ат жарысы, теңге ілу, садақ ату, аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлерін өтізіп, оның арғы жағына киіз үйлер құрылып, этноауыл жасадық. Қала тұрғындары мен қонақтары бесікке бөлеу, тұсау кесу сияқты салт-дәстүрлерді сол жерге барып жасап жататын. Салт-дәстүрімізді барынша кеңінен насихаттап, әлемнің түкпір-түкпірінен келген мемлекет басшылары мен танымал тұлғаларды таңғалдырдық. Этноауылды екі жыл қатарынан кеңінен насихаттау жұмысы бұрын-соңды болмаған.

ҚАЗАҚ ОПЕРАЛАРЫН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРДІК

Екінші жоба – қазақ операларын бірінші рет жоғары деңгейге көтердік. Ол кезге дейін қазақтың опералары Совет Одағындағыдай қойылатын. Мысалы, «Абай» операсы басталған кезде Абай кейіпкері сұп-сұр шапанмен қап-қара киіз үйдің жанында басы жарылған күйде «Уа, халайық, не болды?!» деп жылайтын. Опера аяқталған кезде де күңіреніп аяқталатын. Совет Одағы кезінде идеология солай болды. Біз сол опералардың музыкалық материалдарын зерттеп, қайта өңдеп, толықтырып, декорациясын өзгертіп, жаңаша сипат бердік. Осылайша, Абай әдемі шапанмен, кең далада ғұлама кейпінде тұратын болды. Опера жанры – әлемдегі ең күрделі жанр, өнердің шыңы. Оны жаңаша сипатта қою – оңай жұмыс емес. Бұрын театр репертуарындағы қай операға адам аз келсе, соны тізімнен алып тастайтын. Аталған операларға халық аз келетін. Репертуардан алынып қалмасы үшін студент, ағайын-туыстарды шақыртып, көрермендерді жасанды жолмен жинайтынбыз...

Ал қазір елордадағы «Астана Опера» болсын, Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры болсын, көрерменге кенде емес, тіпті кассада билет болмай қалады. «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» операларын жаңаша сипатта қойып, шетелге шығарып жатырмыз. Көрерменнің көптігі сондай – ол жақта да билет болмай қалады.

«КИНО ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫН» ҚҰРДЫҚ

Үшінші жоба – кино туралы жаңа заң қабылдадық. Кино саласы – идеология, өнер ғана емес, үлкен бизнес. Англияда әр 11 жұмыс орнының бірі – кино, телевидение саласында екен. Бәрі не себепті кинотеатрларда кешкі уақытқа қазақтың фильмдері қойылмайтынын сұрайды. Оның себебі мынада: «Қазақфильм» мен режиссер бірігіп фильм түсіреді, ары қарай оның прокатымен ешкім айналыспайды. Режиссер прокатқа көмек сұрап өзі жүгіріп жүреді. Ал дамыған мемлекеттерде қалай? Фильм түсірілер кезде-ақ ол қашан прокатқа шығатынын белгілеп, келісіп қояды. Осылайша, бір жыл бұрын фильм жарнамасы жүре бастайды. Ал бізде «Қазақфильм» фильм түсірумен де, ақша бөлумен де, прокатпен де айналысуы керек. Бұл –дұрыс емес нәрсе. Сондықтан кино туралы заңға өзгеріс енгізіп, «Кино дамыту орталығын» құрдық. Орталықтың міндеті – фильмнің жарнамасын жасап, бірнеше ай бұрын кинопрокатшылармен келісу. Сондай-ақ, қазақ фильмдерінің прокатынан түскен қаражаттың 20 пайызы корпоративті салыққа ұсталмайтын болды. Осы арқылы кинопрокатшыларға қазақ фильмдерін көруге ыңғайлы уақытқа қоюға жағдай жасаймыз. Сонымен қатар, елімізде түсірілген фильмдер 12 пайыздық салықтан босатылады. Заң биыл қабылданды, енді жүзеге аса бастайды. Бұл заң жүзеге асса, фильм түсірушілер бюджет қаражатына тәуелді болмайды және қазақ киносын дамытуға көмектеседі.

ҚАЗАҚТЫҢ НАМЫСЫН ТАПТАЙТЫН ФИЛЬМ ТҮСІРУГЕ ШЕКТЕУ ҚОЙДЫМ

- 2019 жылдың 10 маусымынан бері ҚР Ұлттық музейінің директорысыз. Қазіргі қызметіңіздің сіз үшін қандай артықшылықтары бар?

- Қандай лауазымда екенің маңызды емес, маңыздысы – жұмысыңды беріліп істеу. Екі жыл бұрын министр болып тұрған кезімде «Алтын адам» шеруі деген жобаны қолға алдық. Алғаш рет «Алтын адамды» 2002 жылы Эрмитажға апарып қойғанбыз. Ол кезде «Алтын адаммен» шет елге шыққанда алдын ала келісіп, осындай жәдігеріміз бар екенін айтып, қоюға рұқсат сұрайтынбыз. Қазіргі уақытта қаншама елшілік өздері хабарласып, «Алтын адамды» алып келуімізді сұрайды. Екі айға қойсақ, үш айға дейін ұзартуымызды өтінеді. Бұл – істеп жатқан жұмысымыздың жемісі.

Сондай-ақ, мен министр болған кезде қазақтың намысын аяққа таптайтын фильмдерді түсіруге шектеу қойдым. Сөйтіп «Құнанбай», «Әмре», «Балуан Шолақ», «Анаға апарар жол», «Алмас қылыш», «Алтын тақ», «Томирис» сияқты қазақтың рухын көтеретін фильмдерді түсірдік. Ресеймен бірігіп түсірілген қазақтың «28 панфиловшы» фильмі толыққанды түрде шетелдік прокатқа шықты. Қытаймен бірігіп түсірілген «Композитор» фильмі ҚХР прокатына шықты. Ол фильмде ойнаған акриса Аружан Жазылбекова Голливудта «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын алды.

ТҰРСЫНБЕК ҚАБАТОВ – САТИРАНЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРГЕН АЗАМАТ

- Сатира актері Тұрсынбек Қабатовтың шетелдік адамдардың музейге баруы мен біздің елдегі адамдардың музейге баруы туралы әзілі бар. Шетелдік музейлердің ішінде адам толы болса, біздің музейлерде саусақпен санарлық адам жүретінін айтады. Сөзінің жаны бардай... Музейге адамдар көптеп келуі үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?

- Тұрсынбек – қазақтың сатирасын жаңа деңгейге көтерген мықты азамат. Ол сахнада бұрынғыдай кемпір мен шал, базар, ыдыс-аяқ секілді тұрмыстық деңгейде емес, мемлекеттік бағдарламаларды да әзіліне қосып, астарлы сын айтады. Үкімет бір бағдарлама қабылдаса, арада 1-2 ай өткен соң ол туралы міндетті түрде Тұрсынбектің әзілдерінен көруге болады. Мысалы, «Қолжетімді баспана» туралы әзілін алар болсақ, «Үкімет біздің жағдайымызды қатты ойлайды. «Қолжетімді баспана» бойынша үй алдық. Шынымен бәрі қолжетімді екен. Асүйде орныңнан тұрмаған күйде-ақ қол созып, тоңазытқышты аша саласың. Қол созып-ақ шәугімді ала саласың. Шынымен қолжетімді баспана екен. Ал өздері қол жетімсіз үйде тұрады: тоңазытқышқы бару үшін оны іздеу керек, шай алып келгенше суып қалады» дейді. Астарлы әзіл ме – астарлы әзіл! Ал, Музей туралы сұрағыңызға келер болсақ, адамдар аз болса да келе бастады. Бұл – бастамасы ғана, болашақта осы жерге келу үшін кезекте тұратындай еткім келеді.

ЖӘДІГЕРЛЕР ТАБЫЛҒАН ӨҢІРДЕ САҚТАЛУЫ КЕРЕК

- Жұрт тамсана қарайтын экспонаттардың бірі – «Алтын адам». Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Алтын адамдар» табылып, сүйінші сұраған жаңалықтарды жиі көретін болдық. Соңғы 1-2 жылдың өзінде ШҚО-дағы Елеке сазынан (ол – ШҚО-дағы бесінші «Алтын адам»), Ақтөбе облысынан «Алтын адамдар» табылды. Осы құнды жәдігерлер Ұлттық музей қорын толықтыруы мүмкін бе?

- Ең құнды жәдігерлерді Ұлттық Музейге әкелу – жақсы, бірақ мәселенің екі ұшы бар. Осы музей бес жыл бұрын ашылған кезде еліміздегі бүкіл жәдігерлер осы жерге қойылуы керек деген әңгімені тоқтатқанмын. Өте құнды жәдігерлер осы жақта болуы керек, бірақ барлық жәдігерлерді алып келу – дұрыс емес. Әр аймақта ондай музей мен жәдігерлер болуы керек. Қазақ хандығының 550 жылдығында Таразда бірінші рет археологиялық қалашық қаздық. Оған дейін мұнымен неге ешкім айналыспады? Ата-бабаларымыз алтынмен апталып, күміспен қапталып жатса, оны өңдеу жұмыстары киіз үй ішінде өтуі мүмкін емес қой. Алтынды қорыту үшін от жаққан кезде киіз үй өртеніп кетпей ме? Демек, ол кезде керемет шеберханалар болған. Бұл – зерттеуді қажет ететін сала. Археологиялық жұмыстар арқылы туризм саласын дамытуға болады. Түркістанның қасындағы Құлтөбе қалашығы қайта қалпына келтіріліп жатыр. Сол жерден екі кітап табылды, демек ол жерде сауда-саттық қана емес, білімге деген құштарлық болған. Бұл – жарты жыл ғана істеген жұмыс нәтижесінде табылған жәдігер. Ары қарай тереңдей бастаған сайын нағыз жаңалықтарға куә боламыз.

ӘМІРЕ НЕГЕ ЖҰПЫНЫ ШАПАНМЕН ЖҮРУІ КЕРЕК?

- Қазір әлеуметтік желі дамыған заманда алғыс та, қарғыс та алатын кездер көп болады. Мақтауды қалай қабылдайсыз, сынды қалай көтересіз? Өзіңіз туралы алуан түрлі пікірлерді оқығанда қандай сезімде боласыз?

- Димаш сұхбат бергенде Қазақстанда білім алғанын, ұстазы да қазақстандық екенін айтады, бірақ халық ол туралы тыңдағысы келмейді. Бірақ әлеуметтік желі қолданушылары «Димаш Қытайда өткен I'm a Singer байқауына қатыспаса, танымал болмас еді», «Самал Еслямова Ресейде түсірілген «Айка» фильміне түспесе - еленбес еді» деген сипаттағы пікірлер жазады. Бұл –құлдық сана, бейшаралық психология дер едім. Данияр Елеусінов Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадаға қатыспаса, Данияр Елеусінов болар ма еді? Ольга Рыпакова Лондондағы Олимпиадаға қатыспаса, Ольга Рыпакова болар ма еді? Демек, қай салада жүрсең де мықтының мықтысы, үздіктің үздігі екеніңді осындай байқауларға қатысып дәлелдейсің. Мемлекет одан кейін ғана ары қарай қанаттанып кетуіңе жағдай жасайды. Димаш Құдайбергенде де осы жағдай. Самал Еслямова түскен фильм Ресейде түсірілгенмен, қаражатты Қазақстан мен демеушілер құйды. Халық неге оны ескермейді? Мысалы, «Әміре» фильміне қатысты «Әміре ондай болған жоқ. Ол шетелде әдемі костюммен жүрген жоқ, америкалық қызбен сүйіскен жоқ, төсекте жатқан жоқ. Атақты компазитормен бірге музыка ойнаған жоқ. Ол шапанмен жүрген, қолында домбырасы ғана болған» деген сияқты пікірлер жазады. Аталған фильм түсірілер кезде мен режиссерлермен отырып, «Неге біз қазақты бейшара қылып көрсете береміз? Оны керемет образда шығарайық» деп кеңес бердім. Әміре шетелге үш рет шақырылған талантты жан. Бірінші рет Парижде өткен көрмеде екінші орын алды. Екінші рет Германияға шақырылды. Паспортында визасы тұр, бірақ Мұстафа Шоқайдың хатын Ахмет Байтұрсыновқа алып келгендіктен НКВД оның аяғынан шалды. Үшінші рет Лондонға шақырылды, бірақ денсаулық жағдайына байланысты бара алмаған. Сонда Әміре бейшара болса, осынша шақырту алар ма еді? Оны неге жұпыны шапанмен, бейшара етіп көрсетуіміз керек? «Әміре» фильмі Голливудта «Ең үздік шетелдік фильм» номинациясын алды. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған.

ШЕТЕЛДЕ ОҚЫП КЕЛГЕНДЕР ҒАНА БАСШЫ БОЛУЫ КЕРЕК ПЕ?

- Әлеуметтік желідегі парақшаны өзіңіз жүргізетініңіз туралы ақпарат оқыдым. Сізге ең жиі қойылатын сұрақ қандай? Мысал келтіре аласыз ба?

- Сәкен Майғазиев неге Ұлттық өнер академиясына проректор болып кеткені, Азамат Сатыбалды неге балалар театрына басшы болғаны, Мейрамбек Беспаев, Қайрат Нұртастар магистратураны оқып жатқаны туралы сұрайтын оқырмандар бар. Олар сабаққа бармайтынын да жазады. Сабаққа үнемі емес, мүмкіндігінше қатысып, емтихан тапсырса болды емес пе? Олар өздерін өнерімен мойындатып қойған азаматтар. Сәкен Майғазиев интеллектуалдық тұрғыдан өте керемет жан, Қайрат Нұртас та жаманатты болмаған жігіт. Оларды неге қолдап, көтермеске? Шетелде оқып келгендер ғана басшы болуы керек пе? Халық арасында жүрген өнер адамдары да басшы болсын. Неге өзімізді төмен санай беруіміз керек?

- Өзіңіз туралы кітап жазатын болсаңыз, атын не деп қояр едіңіз?

- Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген өлең жолдары бар. Кітаптың атын білмеймін, бірақ ол – өмірдегі ұмтылыстар туралы кітап болар еді.

СЕНІҢ ҚОЛЫҢНАН БӘРІ КЕЛЕДІ

- Бала Арыстанбекке хат жазсаңыз, не жазар едіңіз?

- Мен Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында өмірге келдім. Бала кезімді еске алғанда 9 мамыр күніне дайындалып жатқан кезіміз есіме түседі. Анам ісмер адам болатын. Мереке күні қарсаңында ол түнімен аға, бауыр, қарындастарыма киім тігетін. Ол тіккен көйлек, жейде, шортылары әлі күнге дейін көз алдымда. Қазір де өзім демалыс күндері міндетті түрде отбасыммен бірге тауға шығып немесе атпен серуендеуді әдетке айналдырғанмын. Осының бәрі әкем мен анамның тәрбиесінен қалыптасқан әдеттер. Сол кездегі инкубатордан шыққан балапандардай қаз-қатар тізіліп кетіп бара жатқан балалардың ішіндегі Арыстанбекке хат жазар болсам «Сенің қолыңнан бәрі келеді» деп жазар едім.

- Сұхбатқа алып-қосарыңыз бар ма?

- Әр ұлт өзін мақтан тұтып, керек кезде біріге білуі керек. Цунами болған кезде шетелде тұрып жатқан жапондар бірігіп, еліне барып, қолдау көрсеткен. Америкада «Әр президентіміз – керемет президент» деген түсінік бар. Сондай-ақ, олар өздерінің ерекше, екеніне сенеді. Біз де өз-өзімізге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Біздің отбасылық құндылықтарымыз сақталып қалған, үлкенге құрметті, бір-бірімізбен сыйласудың не екенін жақсы білеміз. Ерекше салт-дәстүрлеріміз бар. Неге осы құндылықтарды бағалап, өзімізді жоғары ұстамаймыз?

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Соңғы жаңалықтар