Әсет Ерғалиев өңдеу өнеркәсібінде өсім бар өңірлерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 4 айда 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы өңдеу өнеркәсібі бойынша өсу 7,7 пайызға дейін жеделдеді. 13 өңір өңдеу өнеркәсібінде оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсу Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде төмендеу 4 өңірде байқалып отыр: Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында», - деді министр.

Оның атап өтуінше, көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік бар.

Ең жоғарғы көрсеткіш Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Түркістан және Жамбыл облыстарында байқалады.

Төмендеу Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тіркелді.

«Құрылыс саласы жоғары өсу динамикасын көрсетуде. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5 пайызға ұлғайды. Батыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғарғы өсуі Түркістан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында байқалады», - деді ол.

Министр тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Осы жылғы қаңтар-сәуір қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 13,3 пайызға өсіп, 3,5 млн шаршы метрді құрады. Павлодар және Алматы облыстарынан басқа барлық өңірлер оң өсім көрсетті», - деді Әсет Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар