Асхат Аймағамбетов видеосабақтардың түсіріліміне қатысқан мұғалімдермен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов телевизиялық сабақтардың түсіріліміне қатысқан педагогтермен қорытынды онлайн-кездесу өткізіп, мұғалімдерге үздіксіз оқу үрдісін ұйымдастырғандары үшін алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жұқтыру қаупіне, барлық қиындық мен тиісті тәжірибенің жоқтығына қарамастан, сіздер осы жұмыспен айналысуға келістіңіздер. Сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Сырт көзбен қараған адамға бейнесабақтарды түсіру оңай болып көрінуі мүмкін. 20 жыл тәжірибесі бар мұғалім үшін телесабақ түсіруде қандай қиындық туындауы мүмкін дейтіндер де бар, бірақ бұл – мүлдем басқа жұмыс. Шын мәнінде, камера алдында сөйлегенге қарағанда, үйреншікті сыныпта 25 баланың алдында сабақ түсіндіру әлдеқайда оңайырақ», – деді өз сөзінде Асхат Аймағамбетов кездесу барысында.

Жалпы IV тоқсанда қазақстандық телеарналар арқылы 3 мыңнан астам телесабақ көрсетілді. Қазіргі таңда тағы 15 мың бейнесабақ дайындалғалы отыр. Олар денсаулық жағдайына байланысты үйде оқитын оқушылар үшін немесе ауа райының қолайсыздығына байланысты сабақ тоқтатылған жағдайда қосымша материал ретінде пайдаланылады.

«Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты IV тоқсан бойы қазақстандық оқушылар қашықтан білім алуға мәжбүр болды. 16 наурызда оқу жылын аяқтау туралы ұсыныстар көп болды. Оқушыларды шілде айына дейін ұзақ демалысқа жіберуді, ал оқу процесін жаздың соңына қарай жалғастырып, келесі оқу жылын бірден бастап кету бойынша да ұсыныстар келіп түсті. Дегенмен біз оқуды тоқтатпауға және оны қашықтан оқыту форматында жалғастыруға шешім қабылдадық. Біз техникалық мүмкіндіктерге, халықаралық тәжірибені зерделеуге сүйене отырып, белгілі бір стратегияны таңдадық. Бұл оқыту форматына амалсыздан көштік», – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

ҚР БҒМ басшысы егер эпидемиологиялық жағдай жақсарса 1 қыркүйекте мектептер дәстүрлі оқыту форматына оралатынын айтты. Алайда кез келген жағдайға дайын болу қажет.

«Мақсатқа жетуде командалық жұмыстың маңызы зор. Біз – Білім және ғылым министрінен бастап қатардағы мұғалімге дейін бір команда болып кеттік. Түсірілімнің алғашқы күні Асхат Қанатұлы студияға келді де, камераның алдында қобалжып тұрған бізге қолдау білдірді. Міне, бүгін біз осы үлкен істің нәтижесін көрсетіп отырмыз. Өткенге көз жүгіртсек, Қазақстанда қашықтан білім берудің негізі жаңадан қаланды деп айтуға болады. Енді бір команда болып бірге дамытатын және әрі қарай жүзеге асыратын керемет дүниенің іргетасы қаланды. Бізге сенім артқаныңыз үшін рақмет», – деп педагог Наталья Орехова министрге алғысын білдірді.

Онлайн-кездесу барысында Білім және ғылым министрі бірқатар педагогті құрмет грамотасымен, «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру саласының құрметті қызметкері» құрмет белгілерімен марапаттады.

Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов педагогтерді қажетсіз есеп беру мен өздеріне тән емес міндеттерден босататын бұйрыққа қол қойған болатын.


Соңғы жаңалықтар