Асхат Оралов Алматыда AMANAT партиясы алдындағы міндеттерді атады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, Асхат Оралов қалалық филиалдың кезектен тыс конференциясына қатысты. Осы жиында делегаттар «AMANAT» партиясы филиалының жаңа төрағалығына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты сайлады.

Партияның Атқарушы хатшысы филиал жаңа басшылығының алдында партияны модернизациялауды ескере отырып, жұмысты жандандыру және сайлауалды уәделердің сапалы орындалуын бақылау міндеті тұрғанын атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы-«AMANAT» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кері байланыс жасауда транспаренттілікті арттырып, қоғамның барлық өкілдерімен жұмысты күшейту бойынша міндеттер қойды. Партияның барлық сайлауалды уәделерін – азаматтардың талап-тілектерін, «аманаттарын» орындау негізгі басымдық болып қала береді. Бұл ретте біз мемлекеттік органдардан цифрлар талап ететін тәжірибеден алшақтауымыз керек. Азаматтардың пікірлерін ескере отырып, бағдарламаның тармақтарын нақты іске асыруға ықпал ететін проактивті форматқа ауысуымыз қажет», - деп атап өтті Асхат Оралов.

Осы күні Асхат Оралов зиялы қауым өкілдерімен және партия ардагерлерімен де кездесті. Олардың арасында әйгілі актер, театр және кино режиссері Асанәлі Әшімов, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек, ақын Жүрсін Ерман, жазушы Смағұл Елубай және өзгелер бар.

Ашық пікір алмасу барысында зиялы қауым өкілдері партия қызметін жетілдіру жөніндегі өз пікірлерін ортаға салып, ҚР Президенті-партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың әл-ауқатын арттыруға және Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған бастамаларына қолдау білдірді.

Сондай-ақ Атқарушы хатшы жұмыс сапарының алғашқы күні қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелерімен кеңес өткізді. Ол осы жиында депутаттарға жұмысты күшейтуді және қалалық сайлауалды бағдарламаның орындалуына сапалы бақылау ұйымдастыруды тағы бір рет тапсырды.

«Алматылықтарға берген барлық уәдені орындау қажет. Бақылауды күшейту мақсатында Алматы қаласына арналған сайлауалды бағдарламаның әлеуметтік тұсын Бюро мүшелеріне, ал жол картасының индикаторларын партия өңірлік филиалы Саяси кеңесінің мүшелеріне бекіту қажет», - деп атап өтті Асхат Оралов.


Соңғы жаңалықтар