АШМ құс етінің импортына тәуелділік мәселесін түбегейлі шешпек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Таяу жылдары республикада жалпы қуаты жылына 175 мың тонна өнім өндіретін 12 жаңа құс фабрикасы жұмысын бастайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл құс фабрикалары құс етінің импортына тәуелділік мәселесін түбегейлі шешетінін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта құс етінің импортына тәуелділікті қысқарту – Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі ең маңызды міндеттердің бірі. Байқалып отырғандай, өнім өндірісі артып келеді. Импортқа тәуелділік жыл сайын төмендеуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі импортқа тәуелділік мәселесін жақын уақытта түбегейлі шешуді жоспарлап отыр. Сондықтан ет бағытындағы құс шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдауды арттыруға, оның ішінде жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларының қуатын кеңейтуге және жаңаларын салуға баса назар аударылады», - деп хабарлайды министрліктен.

Нақтырақ айтқанда импортты алмастыру жөніндегі міндеттерді іске асыру аясында жақын жылдары республикада жалпы қуаты жылына 175 мың тонна өнім өндіретін 12 жаңа құс фабрикасы жұмысын бастайды. Биыл 8 құс фабрикасы пайдалануға беріледі. Бірінші жартыжылдықта «Шымкент құс» ЖШС (Түркістан облысы) және «КазАгрос» БЖК (Қостанай облысы) іске қосылған.

Жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ірі Макинск құс фабрикасы құрылысының барысын өзі барып тексеріп келген. Сондай-ақ етті құс шаруашылығы ерекше басымдыққа ие болғанына қарамастан мемлекет жұмыртқа өндірісін қолдауды жалғастырады.

Бұған дейін хабарланғандай, коронавирус пандемиясына байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқаға берілетін тауарлық-ерекше субсидияларды сақтап қалды. Негізі оны құс өсірушілермен келісіліп қабылданған АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес биыл 1-ші қаңтардан бастап алып тастауы керек еді.

«Жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар өнім. Оның құны көптеген тамақ өнімдері мен өндірістік тауарлардың өзіндік құнына әсер етеді. Сондықтан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа өндірушілерді қолдауды және бір жұмыртқаны субсидиялау нормативін 3 теңгеден 1,5 теңгеге дейін азайта отырып, «тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялау» бағытын сақтауды ұсынды. Құс өсірушілерді қолдауға және сәйкесінше жұмыртқаның өзіндік құнын арзандатуға Үкімет 5 млрд теңгеден астам қаржы бөледі. Сондай-ақ, жұмыртқа өндірушілерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы айналым капиталын толықтыру үшін қаржыландырудың жеңілдетілген түрін алу мүмкіндіктері берілді. Дегенмен биыл жұмыртқа өсімі құс еті өндірісінің өсімімен алмастырылды. Осыған байланысты Қазақстандағы құс фабрикаларының барлығы дерлік жұмыртқа және ет бағыттарымен қатар айналысатынын айта кету керек. Бір бағытта ғана айналысатындар – құс шаруашылығында сирек кездесетін жағдай», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар