АШМ мен Ет одағының арасында ешқандай текетірес жоқ – Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақстанның ет одағының арасында текетіреске қандай пікір білдірер едіңіз?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, мұнда ешқандай текетірес жоқ. Бұл – қалыпты жұмыс үрдісі. Кез келген реформаның артықшылықтары мен кемшіліктері, жақтаушылары мен даттаушылары бар. Тағы да қайталап айтсам, бұл кәдімгідей қалыпты шаруа. Тараптар жариялы түрде өз аргументтерін айтып жатыр», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, бір қарағанда, мемлекет етті шетелге өткізуге ниетті экспортерларға қарсы шығып жатқандай көрінеді.

«Бірақ, жағдай олай емес. Бұл амалсыздан барған қадам. Ол туралы біршама айтылып та жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында да бұл жайлы көп айтылды. Енді қараңыз, өткен жылы ғана көбейту мақсатында елімізге 60 мың бас ірі қара әкелінген. Мал басын ары қарай өсіріп, ішкі нарықтың қажеттілігін жабу үшін әрбір бас, әлбетте, субсидияланды. Алайда білуімше дәл осы уақытта Қазақстаннан сыртқа 160 мыңға тарта мал шығарылған. Осының салдарынан отандық ет комбинаттары жартылай қуатта ғана жұмыс істеуге мәжбүр болды», - деді ол.

Дәурен Абаев мал сыртқа шығарылғаннан кейін Қазақстанның өз ішінде мал мен еттің бағасы көтеріліп, импортты алмастыру ісінде де мәселе туындайтынын айтып өтті.

«Ақыры, әлбетте, тұтынушы зардап шегеді. Сөзсіз, мұндай жағдайда мемлекет тиісті шараны қолға алуы керек. Бірақ, тыйым бәрін орнына қояды деуге тағы болмайды. Менің ойымша, бұл салалық одақтар мен АШМ-ге, басқа да нарық құрылымдарына келіссөздер үстеліне отырып, дұрыс шешім табуға жол ашады», - деді министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Қазақстанның ет одағы» бірлестігінің басшысы Асылжан Мамытбеков тірі малды экспорттауға қойылған шектеуге қатысты пікір білдірген болатын.




Соңғы жаңалықтар