Ashyq қосымшасының ақпараттары арнайы қызметтерге беріле ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арнайы қызметтердің Ashyq қосымшасы арқылы азаматтардың қозғалысын бақылауы мүмкін бе? Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдері жоба жетекшілеріне осындай сауал қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл сұраққа Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов жауап берді.

«Жоқ. Жобаның тұжырымдамасы біздің ешқандай жүйеге қосылмайтынымызды, ешқандай бақылау шараларын көздемейтінімізді нақты айқындаған. Жалғыз ескеретін дүние – «қызыл» немесе «сары» түсті мәртебе анықталған кезде біз тиісті бизнес объектісіне есеп береміз. Сіз сұрағандай есепке алу немесе бақылау жоқ», - деді вице-министр.

Әсет Тұрысов вирус жұқтырғандар мен байланыста болған адамдардың мәліметтері тек санитарлық дәрігерлерге ғана кететінін қайталап ескертті.

«Басқа ешқайда жіберілмейді. Өз өкілеттіктері аясында тек медицина мамандары ғана бұл деректерді көре алады. Барлығы заңға сәйкес болады. Біз, ең алдымен, заңға сүйенеміз. Заң қаулыдан жоғары, ал онда «ешкім жеке деректерді пайдалана алмайды» деп айтылған. Дербес деректер сотқа дейінгі тергеу, сот шешімі болған жағдайда ғана ұсынылуы мүмкін. Бұл жерде де заңға сәйкес жұмыс істейміз. Қаулыға сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілеттіктерін ескере отырып, біз деректерді тек санитарлық дәрігерлерге береміз. Қалғанының бәрі «Дербес деректер туралы» заңмен реттеледі», - деп түсіндірді Әсет Тұрысов.


Соңғы жаңалықтар