Асқар Мамин Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес өткізді және өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау, тіршілікті қамтамасыз ету және туристік инфрақұрылым салаларындағы жобалардың іске асырылуын тексерді. ҚазАқпарат бұл туралы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.


Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, «ҚазМұнайГаз» АҚ» басқарма төрағасының орынбасары Данияр Берлібаев және тағы басқалары баяндама жасады.

Биыл 4 қарашада Үкімет Қаулысымен Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданды. Онда 2,1 трлн теңге сомасына 214 іс-шараны іске асыру көзделген.

Мұнай-газ секторын, өңдеу өнеркәсібін, туризмді, көлік пен логистиканы дамыту міндеті қойылды. Әлеуметтік, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бойынша жобалар іске асырылатын болады. Қабылданған шаралар есебінен өңір халқының 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Кешенді жоспарды іске асыру 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құруды, өнеркәсіп көлемінің 27%, халықтың нақты табысының 40% және жалпы өңір экономикасының 32% өсуін қамтамасыз етеді.

Биылғы жылдың 10 айында Маңғыстау облысында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4,1% өсіп, 150,2 млрд теңгені құрады, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 17,1 млрд теңгеге жетті (+1%). Негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімі 0,6% (473,9 млрд теңге) құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 22,8% (193,8 млрд теңге) ұлғайды, 954,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.


Премьер-Министр Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Кеңес барысында халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. 2025 жылға дейін өңірде жалпы қуаты 286 мың текше метр болатын суды тұщыландырудың 9 жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде қуаты тәулігіне 35 мың текше метр болатын 3 жоба 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі.


Үкімет басшысы жылына 120 мың жұп аяқ киім шығаратын «Zhamal-ai Ltd» аяқ киім және арнайы киім шығаратын фабриканың жұмысымен танысты.
Ақтау қаласындағы онкологиялық диспансерді аралау кезінде Премьер-Министрге Маңғыстау облысының денсаулық сақтау жүйесінің дамуы туралы баяндалды.
А. Мамин «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС энергетикалық кешенін жаңғырту жобаларымен танысты – 2030 жылға дейін ЖЭО-2-де бу-газ қондырғысын, сондай-ақ жиынтық қуаты тәулігіне 24 мың текше метр екі тұщыландыру қондырғысын салу жоспарлануда. Үкімет басшысы сондай-ақ Ақтау қаласының туристік аймағын дамыту жобаларының іске асырылуын тексерді.



Соңғы жаңалықтар