Асқар Мамин Түркістанда жаңа құрылыс нысандарын аралады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бүгін Түркістан облысына іс-сапармен келіп, облыс орталығында салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысы Түркістанның іргесіндегі Шаға ауылында салынып жатқан жаңа әуежайдың құрылыс барысымен танысып, тікұшақпен бақылады.

Биыл мамыр айында іргетасы қаланған әуежай келешекте халықаралық және ішкі рейстерде сағатына 250 адам қабылдауға қауқарлы болмақ. Құрылыс жұмыстарын түркиялық «ИДА ИНШААТ» компаниясы жүргізуде.

Түркістан қаласынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан әуежайдың аумағы 905,3 гектар аумақты алып жатыр. Онда ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салынуда. Құрылыс жұмыстарына 420 адам тартылған халықаралық терминал 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Премьер-министр, сондай-ақ, халықаралық әуежайға баратын жолдың сапасымен де танысып көрді. 16,3 шақырымға созылып жатқан жолдың құрылысы тамыз айында басталған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен салынып жатқан жолдың құрылысы келер жылдың желтоқсанында аяқталады деп күтілуде.

Асқар Мамин сапары барысында Түркістан қаласындағы әкімшілік іскерлік орталығының құрылыс жұмыстары барысын аралап көрді. Жаңадан бой көтеріп жатқан нысандардың құрылысымен танысып, жауаптыларға жұмыстарды қарқындатуды тапсырды.

Түркістан тұрғындарының игілігіне біршама уақыттан соң берілетін амфитеатр ғимаратының құрылысы биыл сәуір айында басталған болатын. Нысан толықтай салынып бітіп, таяу күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Маңғыстау облысы әкімдігінің сыйы ретінде салынған нысан 1000 орынға лайықталған. Заманауи кешеннің жалпы көлемі 2400 шаршы метрді құрайды.

«Рухани-мәдени орталық» аймағындағы 0,56 гектар жерге жүргізіліп жатқан құрылыс алаңында 60 жұмысшы еңбек етуде. Үкімет басшысы мұнан кейін Ақтөбе өңірінің тартуы ретінде салынып жатқан драма театрдың құрылыс жұмысымен танысты. Аталған нысан Түркістан мен Ақтөбе облыстарының бірігіп қаржыландыруымен жүзеге асуда. 4 қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі 9700 шаршы метрді құрайды. Бой көтеріп келе жатқан мәдени ошақ заманауи үлгіде, барлық талаптарға сай салынуда.

Ғимаратта 510 адамға арналған көрермен залы, арнайы автотұрақ орны болады. Жаңа драма театрдың құрылысы осы жылдың маусым айында басталып, 2020 жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар