Асқар Мамин волонтерлік қызметті қолдау стандартын әзірлеуді тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин волонтерлік қызметті қолдау стандартын әзірлеу, өңірлік жол карталарын қабылдау және салалық волонтерлікке жағдай жасау жөнінде тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Волонтерлік халықтың азаматтық белсенділігінің маңызды нысанына айналып келеді. Волонтер жылын өткізу нәтижесінде волонтерлік ұйымдар саны - 3 есе, белсенді волонтерлер саны 4 есе ұлғайды. Пандемия кезінде елімізде волонтерлер 950 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетті, оның ішінде гуманитарлық көмекті адрестік жеткізу, мүгедек адамдармен, балалармен жұмыс жүргізу бар. Волонтерлік қозғалысының әлеуеті зор және нақты пайдасы бар. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасы бойынша биылғы жыл волонтерлік бастамалардың жалғасына айналды», - деп атап өтті А. Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-Министр қоғамда өзара көмек және қайырымдылық қағидаттарын одан әрі дамыту қажеттігін баса айтты және елімізде волонтерлік қозғалысты дамыту шараларын күшейту мақсатында тапсырмалар берді.

«Бірінші, Ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге волонтерлік қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасының сапалы пысықталуын қамтамасыз етіп, биылғы 1 шілдеге дейін Үкіметке енгізсін.

Екінші, Ақпарат министрлігі сарапшылармен бірге волонтерлік қызметті қолдау стандартын әзірлесін. Осы стандарт негізінде волонтерлікті одан әрі дамытудың негізгі бағыттары бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірлесін.

Үшінші, мемлекеттік органдар құқықтық және психологиялық көмек, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, төтенше жағдайлар салдарын жою және басқа да салаларда салалық волонтерлік, оның ішінде цифрлық, онлайн-волонтерлік, эковолонтерлік үшін жағдайлар жасап, оны жандандыру қажет.

Төртінші. Өңірлердің әкімдіктеріне волонтерлік қозғалысты ынталандыру шараларын күшейтуді, тұрақты мониторинг жүйесін жолға қоюды және 2023 жылға дейінгі өңірлік Жол карталарын 1 тамызға дейін қабылдауды тапсырамын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде волонтерлік ұйымдармен бірге Жалпыұлттық игі істер марафоның іске асыруға азаматтарды белсенді тартуды қамтамасыз ету қажет.

Бесінші, Ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және Ұлттық волонтерлік желімен бірге үздік волонтерлік практиканы насихаттап, барлық деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажет. Адамдар волонтерлердің әрқашан көмекке келуге дайын екенін көріп, білуі керек. Ералы Лұқпанұлы, жалпы бақылау сізде», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар