«Әскери сенім» жобасы: Сарбаздардан қандай өтінімдер түсіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бір ай бұрын әскери полиция бас басқармасы армияда болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат алу үшін сайт және мобильді қосымшаны іске қосты. Осы орайда жаңа жобаның құқық бұзушылықпен күресудің, сондай-ақ кері байланыс орнатудың жаңа құралы ретінде қаншалықты маңызды екенін Қарулы күштер Әскери полициясы бас басқармасының офицері подполковник Нұрлан Тайғараев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әскери сенім» жобасының негізгі мақсаты – әскери полиция органдарының әскери қызметшілерімен, олардың отбасы мүшелерімен, азаматтық тұлғалармен өзара байланыс орнатуы. Яғни, кез келген әскери қызметші, азаматтық тұлға осы қосымшаны өзінің мобильдік телефондарына орнатып, оларға белгілі болған заңсыз әрекеттер бойынша бізге хабарлама бере алады», - деді Н. Тайғараев.

Атап айтқанда, бұл жоба іске қосылғанына шамамен бір ай болды.

Әскери полициясы бас басқармасы офицерінің айтуынша, бір ай ішінде әскери қызметшілер әскери бөлімдер мен мекемелерде мобильдік қосымшаға қосылу әдістері мен мүмкіндіктері туралы жұмыс жүргізді. Қазіргі уақытта шамамен 2,5 мың адам қосымшаны жүктеді.

«Аптасына шамамен 8-10 хабарлама келіп түседі. Бағдарлама басталғаннан бері шамамен 50 хабарлама келді. Хабарлама арасында әскери қызметтен заңсыз босатылғаны туралы арыз, тұрғын үй төлемдері бойынша шағымдар бар. Мысалы, Тараз гарнизонында әскери қызметін өткеріп жүрген сарбаздың анасы бөлім басшылығының әркеттері бойынша арызданды. Гопитальден шығып, оңалтуда жүрген баласын кезекшілікке қойған. Осылайша, әр хабар бойынша тексеріс жүргізіп, қолданушыларға жауабын береміз», - деді Нұрлан Тайғараев.

Сонымен қатар ол Қазақстан әскерінде құқық бұзушылықпен күрес жайында айтып берді.

«Заң бұзушылықты азайту мақсатында әскерлерде «Армияда қылмысқа орын жоқ» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында профилактикалық онкүндік, айлықтар, әртүрлі акция өткізіледі. Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында әскери қызметтен босату мен кейінге қалдыруға ұсынылғандар туралы шақыру комиссиясының шешімдері қарастырылуда. Мұнымен қоса, жылдың аяғына қарай, біз қылмыстық құқық бұзушылықтың 10-15%-ға төмендеуін күтеміз», - деді Н. Тайғараев.

Еске сала кетейік, Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери полициясы бас басқармасы азаматтардан армиядағы құқық бұзушылықтар туралы ақпарат қабылдау үшін мобильдік қосымшасы бар askeri-senim.kz сайтын әзірледі.


Соңғы жаңалықтар