Әскери жиын бөлімшелері қай өңірлерде құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қарулы Күштері Бас штабы басшысының орынбасары Серік Боранбаев арнаулы әскери жиын бөлімшелерінің қай қалаларда құрылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, әскери жиындар Қарулы Күштер Бас штабының келісімімен және әкімдердің шешімімен екі жылда бір рет өтіп тұрады.

«Жиын өткізуге облыс пен республикалық маңызы бар қала басшыларының сәйкес қаулысы негіз бола алады. Одан өзге акт қабылдаудың қажеті болмайды. Бірақ, елімізге алғаш рет енгізілген төтенше жағдай кезеңінде Қарулы Күштердің кез келген әрекеті Мемлекет басшысының шешімі негізінде жүргізілуі тиіс. Сондықтан, арнаулы жиын өткізу туралы Жарлық қажет болды», - деп түсіндірді Серік Боранбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, Жарлыққа қарамастан, әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру бірнеше өңірде ғана жоспарланып отыр.

«Жарлық әкімдерді аумақтық әскерді толық көлемде құруға міндеттемейді, тек қана сондай құқық береді. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Ақмола облыстарында арнаулы жиын бөлімшелері құрылды. Ақтөбе, Атырау облыстарында әскери міндеттілерді шақыру жалғасуда. 13 сәуір күні Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында, 14 сәуірде - СҚО, 15 сәуірде - Жамбыл, 17 сәуірде - Түркістан облысында шақыру басталады. Ал БҚО, ШҚО, Қостанай және Маңғыстау облыстарында арнаулы жиын өткізу мәселесі қарастырылмаған», - деді С. Боранбаев

Сонымен бірге, спикер Президент Жарлығын әскери міндеттілер ғана емес, ел азаматтарының көпшілігі оң қабылдағанын жеткізді.

«Жарлық шыққан соң төтенше жағдай кезінде аумақтық әскер қатарына қосылғысы келген азаматтар хабарласты. Ертеңгі күні-ақ барлық өңірде жергілікті әскери басқару органдарына еріктілер келе бастады. Жарлыққа сәйкес, шақыру мерзімі мен шақырушылар санын әкімдіктер реттейді, сондықтан шақыру жоспарланған әкімдіктерге түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді», - деді ҚР ҚК Бас штаб өкілі.

Айта кетейік, 2 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарған еді.


Соңғы жаңалықтар