Астан уланып ауруханаға түскен 52 адамның жағдайы белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада астан уланып, ауруханаға түскен пациенттердің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордадағы «Okadzaki» дәмханасында астан уланып, зардап шеккендер саны 64 адам. Олар медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 52 адам ауруханаға жатқызылды, 11-і - бала. Қалған 12 пациентке амбулаторлық ем көрсетілді. Медициналық көмекке жүгінген азаматтар іштің қабынуы, өтуі, жүректің айнуы және тағы сол сияқты белгілерге шағымданды», - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардақ.

Оның айтуынша, қазір науқастарға тиісті ем көрсетіліп жатыр.

«Пациенттердің жағдайы қалыпты, орташа. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Нұр-Сұлтан қаласында 64 адам астан уланды.

Аталған дәмханада шикізат пен дайын өнімнен сынама алынды. Қазір жоспардан тыс тексеру жұмысы жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар