Astana LRT ісі: Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековтің қайда жүргені туралы ақпарат бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Astana LRT ісіне қатысты күдікті Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековтің қайда жүргені туралы ақпарат бар. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2-департаментінің басшысы Сергей Перов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл іс қазіргі уақытта сотта қаралып жатыр. Сотталушылар қатарында 7 адам бар, процесс жан-жақты хабарланып отыр. Екі тұлғаны, атап айтқанда Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековті іздеу жалғасып жатыр. Оны халықаралық ынтымақтастық аясында жүргізудеміз. Күдіктілердің жүрген жері туралы алдын ала ақпарат бар. Ол - алыс шетел. Интерпол елімізден тысқары жерде жасырынып жүрген күдіктілерді іздеп жатыр», - деді Сергей Перов агенттіктің алқа отырысы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Еске сала кетсек, өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров «Астана LRT» компаниясы бойынша іс сотқа жолданғанын хабарлаған еді.

Кейінірек осы іс бойынша алғашқы сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев LRT ісі бойынша жауапты адамдар бақылаушы органдардың сұрағына жауап беруі керектігін ескерткен болатын.

Сондай-ақ Президент былтыр күзде LRT құрылысын жеделдетуді және оған қатысты істі тергеуді тапсырған болатын.

Артынша өткен жылдың қаңтар айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің екінші департаментінің басшысы Сергей Перов елордада LRT құрылысын салу барысында қаражат ұрлау қылмыстық ісін тергеу шаралары аяқталғанын мәлім еткен еді.

Оның айтуынша, анықталған шығын сомасы 5,7 млрд теңгені құрап отыр. Аталған іс бойынша 10-нан астам адамның жауапкершілігі тексеріліп, үш адамға іздеу жарияланған.


Соңғы жаңалықтар