Астана мектептерінде қауіпсіздік қалай арттырылады: Алтай Көлгінов тапсырмалары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мектеп директорларымен онлайн кездесіп, оқу мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі проблемаларды талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда басшысының айтуынша, оқушылар өздерін мектеп қабырғасында қауіпсіз сезінуі керек. Ол үшін бірқатар шаралар қабылданды: мектептер камералармен, дабыл түймелерімен, турникеттермен жабдықталды. Мектеп басшылары күзет ұйымдарымен шарттар жасасты. Дегенмен әлі де бірқатар мәселе қалып отыр.

«Бірінші. Барлық оқу орындары бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Дегенмен, бейнебақылау арқылы камера «көзі жетпейтін« аймақтарды да қамту қажет.
Екінші. Күзет ұйымдарымен шарттар жасалды. Аталған ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейтуді тапсырдым. Себебі мұғалімдер мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды.
Үшінші. Жүгенсіз жасөспірімдер мен қиын жағдайға тап болғандарды анықтауда оқу орындарының қызметкерлері маңызды рөл атқарады. Мектеп психологтарының, медицина қызметкерлерінің және ювеналды полиция қызметкерлерінің жұмысын күшейту керек. Сондай-ақ қоғамдағы моральдық құндылықтарды нығайту, сыныптардағы ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстарды тұрақты негізде жүргізу қажет.
Төртінші. Әр мектепте факультативті сабақтар өткізіледі, онда оқушыларға қауіп туындаған кезде өзін қалай ұстау керектігі түсіндіріледі. Бұл сабақтарға назар аударып, оған барынша байыппен қарау керек», - деді А.Көлгінов.

Нұр-Сұлтан әкімінің осы тапсырмаларына орай, Білім басқармасының басшысы мен мектеп директорлары қосымша жабдықтар сатып алу үшін (қосымша бейнебақылау камераларын, турникеттерді, басқа да арнайы техниканы алуға) тізімдер ұсынатын болды.

«Қазан қаласындағы мектепте болған қайғылы оқиғадан әркім сабақ алуы керек: оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрқайсымызға байланысты. Оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі мәселелеріне жауапсыздық танытпау қажет», - деп түйіндеді астана әкімі Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар