21:15, 21 Қыркүйек 2021 | GMT +6
Astana Open: Дмитрий Попко өткен жылғы чемпионға жол берді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Дмитрий Попко Astana Open ATP 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 188-орында тұрған Д.Попко алғашқы айналымда әлемнің 48-ракеткасы, осы жарыстың өткен жылғы чемпионы, аустралиялық Джон Миллманмен күш сынасты.
Қазақстандық теннисші матчты қос брейкпен сәтті бастады - 6:3.
Алайда осыдан кейін Д.Миллман ойын тізгінін өз қолына алып, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған матчта Попко 3 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 5 брейкке (6 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Д.Миллман екінші айналымда әлемнің 71-ракеткасы, испаниялық Хауме Муньярмен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың тәжірибелі теннисшіні жеңіп, екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.