Astana Open: Голубев пен Недовесов жұптық сында ширек финалға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Astana Open ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың екінші ракеткалары болып тіркелген А.Голубев пен А.Недовесов алғашқы айналымда аустралиялықтар Джеймс Дакворт - Мэттью Эбденмен кездесті.

Қазақстандық жұп 7:6 (9:7), 6:2 есебімен жеңіске жетті.

1 сағат 21 минутқа созылған кездесуде Голубев пен Недовесов эйс жасамаса да, 6 брейк-пойнттың екеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыластары 2 эйске қол жеткізгенімен, брейк жасай алмады.

А.Голубев пен А.Недовесов жартылай финалға шығу үшін монаколық Ромен Арнеодо - франциялық Бенджамин Бонзимен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open ATP турнирінде Тимофей Скатовтың екінші айналымға шыққанын , Дмитрий Попконың өткен жылғы чемпионға жол бергенін жазған болатынбыз.

Әйелдер арасында Юлия Путинцева Острава турнирін жеңіспен бастады.


Соңғы жаңалықтар