Астанада 1 мыңнан астам математика пәні мұғалімі жетіспейді
«Мектептерде негізінен орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері - 2 720 маман, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – 680 маман, математика мұғалімі– 1 020, ағылшын тілі – 1 360, орыс тілінде оқытатын химия және биология мұғалімдері – 340 маман қажет. Сонымен қатар арнайы білімі бар мектепке дейінгі мекемелерге 1 656 тәрбиеші керек», - деді Қасымхан Сенғазиев елорда әкімдігінде өткен қоғамдық кеңес отырысында.
Одан бөлек, басқарма басшысы елордада медициналық мамандықтарды даярлау бойынша 240 өтініштің келіп түскенін айтты.
«Өтінішке сәйкес қаламызға отбасылық медицина бойынша 78 маман, педиатрия – 14, акушерия және гинекология - 17, ересектер мен балалардың анестезиологиясы және реаниматологиясы - 15, физикалық медицина және оңалту - 15 және басқа да мамандар даярлау қажет. Сондай-ақ, дене шынықтыру және спорт басқармасының өтініші бойынша 50 маман даярлау қажеттігі туындап отыр. Сол секілді дін істері басқармасынан 15 орын белгіленді. Оның ішінде исламтану, дінтану мамандарын әзірлеу қажет», - дейді ол.
Бұған дейін Қ. Сенғазиев алдағы 5 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 1 мың педагог даярлау туралы мәлімдеген еді.