Астанада 27-29 қазан күндері қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 27-29 қазан аралығында қазақ күресінен 40 мемлекеттің қатысуымен әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Қазақ күресі халықаралық федерациясы» мәлім етті.

Еліміздің ұлттық ойынына әлемнің түкпір-түкпірінен 40 мемлекеттің спортшылары қатысады. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Австралия, Үндістан, Литва, Ресей, Бельгия, Камерун бастаған елдердің ең таңдаулы балуандары бар.

Қазақ күресі ежелгі спорт түрлеріне жатады. Бүгінгі таңда оның күн өткен сайын танымалдығы артып келеді. Тіпті, қазақ күресі түрлі той мен салтанатты іс-шараларда өткізіліп жүр. 2016 жылдан бастап ЮНЕСКО оны материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген.

Чемпионат 8 салмақ дәрежесі және абсолюттік дәреже бойынша өтеді.  

27 қазанда «Хан шатыр» ойын-сауық орталығында спортшылардың салмақ өлшеу және жеребе тастау рәсімі өтсе, 28-29 қазан күндері «Барыс-Арена» мұзайдыны сарайында жарыс өтеді.

Біріншіліктің алғашқы күні спортшылар 55, 90, 100 және +100 келіде белдессе, екінші күні 60, 66, 74, 82 және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша мықтылар анықталмақ.

Айта кетейік, «Қазақ күресі халықаралық федерациясы» ЗТБ 2017 жылдың 24 наурызында Астана қаласының Әділет департаментінде тіркелген.

2017 жылғы ақпанда 35 мемлекет өкілдерінің қатысуымен Астана қаласында өткен Қазақ күресі халықаралық федерациясының Конгресінде федерация жұмысы нықталып, президенті ретінде Қанат Бозымбаев тағайындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар