Астанада апатты үйлерден жыл сайын 300-ден астам отбасы көшірілетін болады
«Өткен жылдың қиындықтарына қарамастан, көптеген жұмыстар атқарылды. Жұмыс әлі де көп. Партияның 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізіне 13 негізгі басым бағыт алынды. Мысалы, 2021-2025 жылдар аралығында жыл сайын 10 мыңға жуық жеңілдікті әлеуметтік пәтер салу және беру, 125 тұрғын үй кешенін және 150 лифтіні жөндеу, 300-ден астам отбасын апатты үйлерден қауіпсіз жаңа тұрғын үй кешендеріне көшіру жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, 5 жыл ішінде 50 мемлекеттік мектеп салынады, орта және жоғары білім алу үшін гранттар саны жоспарлы түрде ұлғайтылады. «Қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша тағы 30 «үй жанындағы дәрігер» нысаны ашылады, тағы 5 ірі медициналық мекеме салынады», - деді А.Көлгінов.
Сондай-ақ қала басшысының айтуынша, алдағы жылдарда 130 км сумен жабдықтау және су бұру желілері, 85 км нөсер кәрізі, қосалқы станция және 177 км электрмен жабдықтау желілері, 23 км жылумен жабдықтау желілері, 3 кешен нөсер кәріздерін тазарту құрылыстары салынады. Сондай-ақ, 6 мектеп, бірқатар медициналық орталық, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 50 саябақ пен сквер құрылады, 123 км велосипед жолдары төселеді.