Астанада электр қуатын үнемдеудің кешенді жоспары 89 пайызға орындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елордада электр энергиясын үнемдеу және оның тиімділігін арттыруға арналған кешенді жоспардың 89,3% орындалды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Құлышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалалық кешенді жоспар аясында энергияны үнемдеу және оның тиімділігін арттыруға арналған 189 іс-шара бар. Оның ішінде энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында энергияны үнемдеуге арналған 63 шара, тұрғын үй секторы саласында - 15 іс-шара, көлік - 3, бюджет - 66 және өзге де секторлар бойынша 24 іс-шара қарастырылған. Сонымен қоса энергияны үнемдеуді насихаттауға арналған 7 және оның тиімділігін арттыру картасы шеңберінде 3 шара белгіленді. Одан бөлек, дүниежүзілік банктің «Нұр-Сұлтан қаласының энергия тиімділігін арттыруға» (ESMAP) арналған жобасы шеңберінде техникалық көмек көрсету бойынша 5 шара жоспарланды. Сол сияқты мемлекеттік энергетикалық реестр бағытында 3 шара бар»,- деді Төлеген Құлышев қалалық мәслихаттың отырысында жасаған баяндамасында.

Оның айтуынша, бүгінде энергетика секторында жоспарланған 63 іс-шараның 55-і іске асты.

«Тұрғын үй секторында 15 шараның біреуі ғана орындалған жоқ. Басқа секторлар бойынша кешенді жоспардың көпшілігі іске асырылды. Ал кей секторларда жоспар толықтай жүзеге асты. Жалпы қалалық электр қуатын үнемдеудің кешенді жоспары 89,3%-ға орындалды. Нақты айтқанда, 12 мың тоннадан астам отын, яғни 35 МВт/сағ электр қуатын үнемдедік», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар