Астанада қалалық туризмді дамыту бойынша халықаралық саммит өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылы Астанада қала туризмін дамытуға арналған халықаралық саммит өтеді. Бұл туралы Бүкіләлемдік туристік ұйымның (ЮНВТО) Сеулде өтіп жатқан 7-і дүниежүзілік қалалық туризмді дамыту форумында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшіс Астана Конвеншн бюросының Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасай отырып.

«Бүгін Бүкіләлемдік туристік ұйымның (ЮНВТО) Сеулдегі 7-і дүниежүзілік қалалық туризмді дамыту форумында, келесі басқосу Астанада өтетіндігі ресми түрде жарияланды. Бұл жиынға Астанадан қала әкімінің орынбасары Е.Аманшаев бастаған делегация белсене қатысуда» - делінген хабарламада.  

Форум жұмысына Грекия және Моңғолия елдерінің туризм министрлері, Тайланд пен Малайзияның туризм жөніндегі вице-министрлері, Сеул, Куала-Лумпур, Париж және Ницца қалаларының вице-мэрлері,сондай-ақ академиялық топтардың және Google, MasterCard, Amadeus компанияларының өкілдері қатысуда.

Шара барысында БҰҰ қабылдаған HABITAT III New Urban Agenda атты стратегияның аясында қалалық туризмді дамытудағы көкейкесті сұрақтар қаралды. Сонымен қатар қалалық туризмді дамытудағы инновациялық жаңа трендтер мен цифрлық технологиялар мүмкіндігі және туризм саласындағы бизнестің жаңа модельдерін трансформациялау мәселесі талқыланды.

Сарапшылардың пікірінше, 2050 жылға қарай дүниежүзі халқының 70% -ы қала тұрғындары болмақ. Ал туризм өз кезегінде дүниежүзілік ЖІӨ-нің 10%-дан астамын құрап, қазіргі заманғы жаһандық проблемаларды шешу мен қалалардың экономикалық дамуының негізгі драйверіне айналады. Сол сияқты қалалардың тұрақты дамуына жағдай жасайды.  

«Саммиттің басты қорытындысы ЮНВТО хатшылар алқасының  2019 жылы Астанада кезекті саммитті өткізу туралы шешімі болды», -делінген хабарламада.

Форум барысында Астана қаласының делегациясы ЮНВТО-ның бас хатшысы З.Пололикашвилимен және ЮНВТО-ның атқарушы органдарының мүшелерімен келіссөздер жүргізді. Онда туризмді дамытуда өзара әрекеттесудің келешегі мен кезекті жаһандық саммитті Астанада өткізу бойынша бірлескен жоспарлар талқыланды.

Айта кетейік, Астана Конвеншн Бюросы - Астана қаласының туристік секторын жоспарлау, дамыту және көркейту бойынша негізгі ұйым.

 

Соңғы жаңалықтар