Астанада Қостанай облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне Қостанай облысынан 60-тан астам кәсіпорын 380 тонна көлемінде тауар жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жәрмеңке республика аймақтарының қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу туралы іс-шаралар жоспары бойынша сәйкес ұйымдастырылған. Ондағы мақсат - еліміздің аймақтарының агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктерімен таныстыру, бәсекеге қабілетті отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін көрсету.

Екі күн қатарынан өтетін жәрмеңкеге облыстың 14 ауданы мен 3 қаласынан 60-тан астам кәсіпорындар өз өнімдерін саудалауға алып келді.

Жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 380 тоннаны құрайды, оның ішінде: 50 тонна мал еті (барлық түрі), 35 тонна сүт өнімдері, 20 тонна шұжық және жартылай дайындалған өнімдер, 30 тонна жарма және макарон өнімдері, 60 тонна картоп және көкөністер, 20 тонна нан және кондитерлік өнімдер, 20 тонна жұмыртқа, 50 тонна ұн және тағы басқа өнімдер бар.

«Жыл сайын өткізу дәстүрге айналған жәрмеңке биыл Астананың 20 жылдығына арналып отыр. Қостанайдан ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін әкелдік. Және барлық өнімдерді Астана қаласындағы қалыптасқан нарықтан 15% дейін төмендетілген бағамен сатып алуға болады. Сонымен қатар шара аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылуда», -деді Қостанай облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Әділбек Оразбаев.

Ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі 1-2 қыркүйек күндері «Қазақстан» спорт кешенінің (Қ.Мұңайтпасов көш., 9) жанында өтуде.

Соңғы жаңалықтар