Астанада оңалту орталықтарының саны артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада осы көктемде көру қабілеті нашар балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашылады. 90 орынға есептелген мекеме Сарыарқа ауданында орналасқан (Кенесары көшесі, 9/1), деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Қала әкімі Алтай Көлгіновтің жазуынша, сонымен бірге биыл ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін бірқатар оңалту орталығы іске қосылады.

«Мүмкіндігі шектеулі тұрғындарды оңалту үшін жүйелі негізде жағдай жасау маңызды. Мәселен, өткен жылы ғана балалардың церебралды сал ауруы (БЦСА), аутизм, Даун синдромы және тағы басқа диагнозы бар балаларды оңалтумен айналысатын бірқатар ірі оңалту орталығы ашылды. Мәселен, «Асыл Мирас« аутизм орталығы (Уәлиханов көшесі) арқылы аутистік спектрді 50% көбірек қамтыдық. Бұл жоба Болат Өтемұратов қорымен бірлесе жүзеге асырылды. Сол үйде орналасқан тағы бір оңалту орталығы БЦСА, аутизм диагнозы және басқа да бірқатар аурулары бар балалармен айналысады», - деді елорда басшысы.


Сондай-ақ мәлім етілгендей, №1 қалалық балалар ауруханасы базасында Тұңғыш Президент Қоры мен «Самұрық-Қазына» қолдауымен өткен жылдың күзінде «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Бұл БЦСА диагнозы бар 600-ге жуық баланы жыл сайын қосымша тегін медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік берген.

«Қала аудандарында «үй жанындағы дәрігер« атты 29 нысан ашылды. Ипподром базасында балалар иппотерапиямен айналыса алатын жабық манеждің құрылысын жүргізіп жатырмыз. «Жастар« сарайында ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қолжетімді бассейн болады. Инватакси саны 2 есеге артады.


Жаңа үйлердің бірінші қабаттарында «қадамдық қолжетімділік« қағидатына сай балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, балабақшалар, үйдің жанындағы дәрігер және өзге де нысандарды ашамыз.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Президент ерекше қажеттілігі бар балалардың саны өсіп келе жатқанын, оларға жан-жақты кешенді оңалту қажет екенін, «алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтердің жұмысын күшейту қажет« екенін атап өтті.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды оңалту үшін жағдай жасау бойынша жұмысты жүйелі негізде жалғастырамыз», - деп жазды Алтай Көлгінов Instagram-да.


Соңғы жаңалықтар