Астанадағы балабақшалар 100 пайыз бейнекамерамен қамтамасыз етілген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың мектепке дейінгі білім беру ұйымдары 100 пайызға заманауи бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылғы 17 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес балабақшалар әр топта 15 баладан аспайтын толтырумен «кезекші топтар» режимінде жұмыс істей бастады. Оның ішінде 23 448 балаға арналған мемлекеттік балабақшада және 1 672 бала үшін жеке меншік балабақша да кезекші топ ашылды. Ондағы басты мәселенің бірі – балалардың қауіпсіздігі. Осы орайда балабақшамен қатар оның ауласында бейнебақылау камералары орнатылды», - деді Ш. Сейсенбай Нұр-Сұлтан қалалық Мәслихатының жалпы отырысында.

Білім басқармасының сөзіне қарағанда, бүгінде бас қала балабақшалары түгелдей дерлік бейнебақылау камерларымен қамтамасыз етілген.

«Балабақшаларды бейнебақылаумен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 215 млн 650 мың теңге қаржы жұмсалды. Өткен жылы қаладағы әрбір балабақшаға 24 бейне бақылаудан барлығы 4 752 камера орнатылды. Осылайша, барлық білім беру ұйымдары 100% цифрлық бейнебақылаумен қамтамасыз етілді», - дейді ол.

Бұған дейін қалалық білім басқармасының басшысы көру және сөйлеу қабілетінен айрылған балаларға арналған балабақша ашылғанын мәлім етті.

Одан бөлек, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының жалпы отырысында биыл 1 қыркүйектен бастап елорда балабақшаларында ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілетіні айтылды.



Соңғы жаңалықтар