Астаналық полицей толғатқан әйелге екінші рет көмектесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда полицейлері жүкті әйелдің перзенханаға дер кезінде жетуіне көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«4 сәуір күні 01.55 уақытында Қосшы постына Қабанбай батыр жақтан Audi маркалы көлік келеді. Оның ішінде босанғалы жатқан келіншек пен ата-анасы болған. Алаңдаған ата-ана қызының толғағы басталып, тез арада перзентханаға жету керек екенін айтқан», деп хабарлады баспасөз қызметі.

Постта кезекшілікте тұрған аға лейтенант, жол-патрульдік полиция арнайы батальонының инспекторы Ерлан Исаев әйелдің полиция көлігіне ауысып отыруына көмектескен. Карантин режиміне байланысты қыздың ата-анасын «жақсы жаңалық күтіңіздер» деп үйіне жібереді.

«Ерлан Исаев басқа полицейлерге алдын ала хабарласып, толғатқан әйелді әкетіп бара жатқанын ескертіп, Рысқұлбеков көшесімен 10 минуттың ішінде перзентхана жеткізеді. Полиция қызметшісі жүкті әйелді дәрігерлердің қолына сәтті табыстаған. 24 жастағы тұрғын дер кезінде көмек көрсеткені үшін полицейлерге алғыс білдірді. Бұл әйелдің үшінші баласы», - деп толықтырды департаменттегілер.

Баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, блокпосттар жұмысын бастаған сәттен бері полицейлер үшінші рет жүкті әйелді перзенханаға жеткізіп отыр. Бұның алдындағы оқиға да Ерлан Исаевтың кезекшілігіне тура келген. Полицей ол кезде жетінші баласын босанатын 37 жастағы әйелді жедел ауруханаға жеткізген болатын.


Соңғы жаңалықтар