Астаналықтар «Музей түнін» мерекелеуді бастап кетті
Биыл дәстүрлі, мәдени-танымдық шара «Музей құдіреті» атты тақырыпта өтіп жатыр.
Қала тұрғындары мен қонақтары сағат 18:00-ден бастап, түнгі 00:00-ге дейін Ұлттық музей жәдігерлерін тегін тамашалай алады.
Сонымен қатар халықаралық «Музей түні» аясында түрлі мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылған.
Аталған шараның мақсаты – мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әртүрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын көпшілік назарына ұсыну.
«Бүгінгі шара аясында ерекше мазмұнда үш бірдей көрме ашылады. Ол - отандық суретшілердің туындылары, музей қорының картографиялық көрмесі және қолөнер шеберлерінің еңбектері. «Музей түні» түнгі сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Сонымен қатар балаларға арналған танымдық шара ұйымдастырылады. Музей қызметкерлері балаларға арналған ойындар мен викториналық сайыстар өткізеді. Құнды жәдігерлерді қалпына келтіру процесі көрсетіледі», - деді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатыбалдин.
Айта кетейік, бүгін - халықаралық музей түні. Осыған орай әлем елдерінде айтулы мереке кең көлемде аталып өтіледі.
Еске сала кетсек, пандемияға байланысты соңғы екі жыл бойы «Музей түні» шарасы онлайн форматта өтті.