Астық жинау кезеңінде мұнай зауыттарын жөндеуге тоқтату дәстүрге айналды - депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Серік Ерубаев бензин және дизель шығара алатын тек мемлекеттік мұнай өңдірушілерге қарап қалмай, осы бағыттағы жекеменшік кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы күндері еліміздің бірнеше өңірінде жанармай құнының өсуіне, сондай-ақ дизель отынының тапшылығына байланысты кәсіпкерлердің, жүк тасушылар мен жүргізушілердің наразылық акциялары орын алып жатыр. Мұнай өнімдерінің бағасына экономикамыздың барлық салалары тәуелді екені жасырын емес. Оның бағасы қарапайым тұтыну тауарларынан бастап, стратегиялық маңызы бар шикізаттың құнына да тікелей әсер етеді. Яғни, дизель бағасының көтерілуі біздің кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендететіні анық. Ал, дизельдің саудада болмауы, тіпті экономиканы тығырыққа әкеліп соғатын тура жол», - деді С. Ерубаев Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің атына жолдаған сауалында.

Осы орайда ол мұнай өнімінің маусымды тапшылығы жыл сайын қайталанатын көрініс болғанын атап өтті.

«Дәл, көктемгі егін егу немесе күзгі астық жинау кезеңдерінде біздің мұнай өңдеу зауыттары жөндеу жүргізуге тоқтайтыны бір дәстүр сияқты. Қазақстанда халық санының ұлғаюы, экономиканың өсуі, автокөліктің көбеюі, жұмыс істеп тұрған Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткіліксіз екендігі байқала бастаған кезде, төртінші зауытты салу мәселесі қызу талқыланған болатын. Бірақ, бұндай шешім қабылданбай, қолданыстағы зауыттарға жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Алайда, жаңғырту жұмыстарын жүргізгеннің өзінде, өндіріс қуаты жеткіліксіз болып қалғандығын уақыт көрсетті. Тіпті, көмірсутек шикізаты жоқ мемлекеттердің өзінде био-дизель өндірісі өріс алуда. Ал біз, мұнай экспорттаушы мемлекет бола тұрып, мұнай өнімдерін импорттауға мәжбүр болып отырмыз. Өкінішке қарай, министрлік өз деңгейінде отандық дизельмен ішкі нарық сұранысын қамтамасыз ете алмайтындығын мойындап отыр», - деді депутат.

Оның пайымынша, мұнай өңдеу бойынша қосымша қуаттарды құру мәселесі алдыңғы қатарға шығып тұр.

«Ал, қосымша тағы мұнай өндірісін дамытсақ, біз мұнай ғана емес, мұнай өнімдерін экспорттаушы мемлекет бола алар едік. Оған объективті негіздер бар, өйткені, қазақстандық бензин мен солярканың бағасы көрші елдерден әрдайым төмен. Мемлекет басшысының Жолдауында отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек делінген. Осының негізінде, мұнай компанияларынан шикізат құнын төмендету жөнінде талап қою жолымен жанар-жағармай бағасын одан да төмендетуге жол ашылар еді», - деді С. Ерубаев.

«Қалыптасып отырған күрделі жағдайды шешу жолдары ретінде, бензин және дизель шығара алатын тек мемлекеттік мұнай өңдірушілерге қарап қалмай, осы бағыттағы жекеменшік кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді ұсынамыз. Ондай жобалар бар, бірақ тиісті қолдау таппай, қажетті деңгейге шыға алмай отыр. Сонымен қатар, дизель отынның тапшылығында және оның қымбаттауында картельдік сөз байласу фактілері, сондай-ақ, қаншалықты нарық механизмінің ықпалы бар? Ал қаншасы заңсыз монополияның ойындарымен негізделген? Соған тексеру ұйымдастыруды сұраймыз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар