Асықшы: Бала кезімізде біздің ұялы телефонымыз асық болатын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Асық ойыны – ұлттық спорт түрлерінің бірі. Ол 2017 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Қазіргі уақытта асық ойынының даму деңгейі қандай? Асық ойынының басқа ұлттық ойын түрлерінен ерекшелігі неде? Бұл ойын түрін дәріптеу үшін не істеліп жатыр? ҚазАқпарат тілшісі осы сұрақтар төңірегінде Нұр-Сұлтан қаласының Асық ату спортынан аға жаттықтырушы, Нұр-Сұлтан қаласының асық ойыны федерациясының басшысы Ескендір Рахметовтен сұхбаттасты.

ҚАБАНБАЙ БАТЫР КЕСЕНЕСІНЕН АППАҚ АСЫҚ ТАУЫП АЛДЫМ

- Ескендір аға, ең алдымен өзіңіздің туып-өскен жеріңіз, еңбек жолыңызды неден бастағаныңыз туралы тоқталып өтсек.

- Мен Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Жіңішке елді мекенінде дүниеге келдім. 2001 жылы Л.Гумилев атындағы университетке Дене шынықтыру жаттықтырушысы мамандығына түсіп, оқыдым. №24 мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жүргеніме 15 жыл болды.

- Асық ойынын дамытуға атсалысуыңға не түрткі болды?

- 2009 жылы Әскери дайындық пәнінен сабақ беретін мұғалімнің ағасы қайтыс болып, оның орнына мен сабақ беріп жүрдім. Сол кезде «Ақбоз ат» деген жарысқа оқушылар апардым. Ол кезде Қабанбай батырдың кесенесі жаңадан ашылған болатын. Кесененің басында құран оқып, кеткелі жатқан кезде жерден аппақ асық тауып алдым. Арада 10-15 күн өткеннен кейін сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Алтын сақа» турнирін өткізді. Мен ол жерге оқушылар апардым, бірақ олар орын ала алмады. Көрермендер ойынына өзім қатысып, финалға өттім. Содан бастап асық ойынына деген қызығушылығым артып, көңіл бөле бастадым. 2013 жылы ұлттық ойындарға қатысты телебағдарламаларға шақырып, оқушыларыммен бірге шеберлік сабағын өткізе бастадым. Одан кейін осы ойынға спорт, журналистика және басқа да сала мамандарын тартуды қолға алдым. 2014 жылы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығын басқаратын Бекболат Тілеуханов асықтан республикалық турнир өткізіп, мен төрешілік атқардым және астанадан команда шығардым. Сол жылдың күз айында Қырғызстанда өткен дүние жүзілік көшпенділер ойынына қатыстық. Сол кезде асықты қырғыздардың ережесі бойынша ойнап, 12 командадан 4-орын алдық. 2015 жылы алғаш рет Қостанай қаласында асықтан Қазақстан чемпионаты өтті. Алты облыстан ойыншылар қатысып, астаналық команда тағы да 4-орын алды. Сол жылы асық ойынанан аға жаттықтырушы болып сайландым. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жігер» спорт клубы бар, сонда асық атудан штат ашылып, Марат Исламбеков есімді жігіт екеуміз жұмысқа алындық.

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ҚҰРАМА КОМАНДАСЫ ҮШ ДҮРКІН ЧЕМПИОН

- Осы ойын түрінен тағы қандай марапатқа ие болдыңыздар?

- 2016 жылы Қазақстанда өткен асық ойыны чемпионатында екінші орын алдық. 2017, 2018, 2019 жылдары үш жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атандық. Менмін деген Қызылорда, Ақтау, Қостанай, Түркістан ойыншыларын үш жылдан бері алдымызға шығармай келе жатырмыз. Біз оқушыларды да, ересектерді де, 40 жастан асқан ардагерлерді де асық ойынына дайындаймыз. Нұр-Сұлтан қаласының қыздар құрама командасы «Бес асық» ойынынан жүлделі орындар алып келеді. Бұл ойын түрі 12 деңгейден тұрады. Осы ойын түрінен бізге алғашқы жеңіс алып келген сіздің әріптесіңіз – Саягүл Жарылқасын. 2016 жылы БАҚ арасында өткен асық ойыны жарысында Саягүл Жарылқасын 1-орын, Гүлжан Раманқұлова 2-орын алды. Одан кейін олар Нұр-Сұлтан атынан Қазақстан чемпионатына қатыса бастады. Өткен жылы ардагерлер арасында өткен Қазақстан чемпионатына Саягүлдің командасы қола жүлдегер атанды. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының асық ойынан құрама командасы оқ бойы озып, алдыңғы орында тұр.

БАЛА КЕЗІМІЗДЕ АСЫҚ ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОННЫҢ РӨЛІН ОЙНАЙТЫН

- Асық ату ойыны адамды неге үйретеді?

- Бала кезде достарымызбен асық ойнайтынбыз. Асық ойнау үшін көрші ауылға барып, балаларымен танысып, арасында шекісіп, қайта татуласатынбыз. Біреуден ұтып, біреуден ұтылып жүрдік. Ол кезде ұялы телефонның рөлін асық ойнайтын. Күні бойы ұялы телефон алдында отырған бала мен күні бойы асық ойнаған баланың айырмашылығы жер мен көктей. Регламент болмағандықтан, таңнан кешке дейін ойнай беретінбіз. Ал қазір 2 ұлға ортақ 15 асық тігіліп, 15 минут уақыт беріледі. Одан кейін екінші екінші, үшінші кезеңді 15 минуттан ойнайды. Екі адам 45 минут ойнайтын басқа спорт түрі жоқ. 45 минут ішінде бала асықты көздейді, дәлдейді, еңкейеді, тік тұрады, жүгіреді және қаншама эмоцияны сезінеді. Асық ату мергендікке үйретеді. 8-0 есебімен ұтып кететін дарынды балалар бар. Бірінің қолы жақсы жүріп тұрады, оны «қол мерген» деп атаса, көзбен жақсы дәлдеп ататындарды «көз мерген» деп атайды. Ал қолы да, көзі де жақсы жұмыс істесе «сұр мерген» деп атайды. Қолға тапанша алып, бір нүктені көздеген қиын ба, әлде қолға асық алып, жердегі асықты көздеп атқан қиын ба? Асық ойнаған кезде денедегі бұлшықеттердің бәрі қозғалып, 62 тамырдың бәрі жұмыс істейді.

АСЫҚ ОЙЫНЫ ТҮРЛЕРІ

- Асық ойынын ұйымдастырған кезде балалар қандай мотивациямен қатысады?

- Ойынға қатысатын балалар ақшалай, заттай сыйлық алады, бірақ бұл қолдау өте аз деп айтар едім. Кей ағаларымыз асықты балабақшадағы балалар ойнайтын ойын ғана деп санайды. Волейбол, футболды ересектер де ойнайды, ал асықты ересектерге неге ойнауға болмайды? Ересектер ойнауына не кедергі? Асықты алпыс жастағы атасы мен алты жастағы немересі бірге отырып ойнай алады. Осы тұрғыда көзқарасымызды өзгертіп, ұлттық ойындарымызға көңіл бөлуіміз керек. 4 жылда бір болатын халықаралық ұлттық ойындар жарысында асық ойыны өте тартысты өтеді және біздің елге жүлде алып келеді.

- Асық ойындарының қандай түрлері бар?

- Қыста үйде отырып ойнайтын «Хан ату», шаршы ішінде сиыр асығымен ойнайтын «Топай», «Тас қала», «Су», «Сақа өлді», «Алты атар», «Ботай», «Жеті мерген» деген тактикалық ойын түрлері бар. Бұл ойындарды әр өңір әртүрлі ойнайды, жақында бір жүйеге келтіріледі. Әр өңір асыққа қатысты әртүрлі ойын түрін жандандыруда.

ОТБАСЫМНЫҢ БАРЛЫҚ МҮШЕСІ АСЫҚ ОЙНАЙДЫ

- Сіз асықты отбасыңызбен ойнайтыныңыз туралы естідік. Ол қаншалықты рас?

- Менің жарым және Құдай берген төрт қызым бар. Төрт қызымды да асық ойнауға баулып жүрмін. Бастапқыда, 2016 жылы қыздар ойнайтын асық ойыны қалыптаспаған болатын. Ойнайтын қарсыластары да жоқ еді. Үлкен қызым тоғызқұмалақ ойынынан спорт шебері. Ол 17 жасында асық ойынан республикалық деңгейде өткен жарысқа алғаш рет қатысып, жеңіліп қайтты. Тыңғылықты дайындалып, арада тағы бір жыл өткен соң сол жарысқа қайта қатысып, жеңімпаз болып келді. Екінші қызым да асық ойынан екі дүркін чемпион. Хас шебер болмаса да, өз деңгейінде жақсы ойнайды. 2, 7-сыныпта оқитын екі қызым өз жастарына сәйкес жарысқа қатысып, Күміс жүлдегер, Қола жүлдегер атанды. Нұр-Cұлтан қаласында асық ойынынан менмін деген қыздар болса – солардың бірі менің қыздарым деп айта аламын. Әйелім биология пәні мұғалімі, ол да асық ойынан қалалық жарыстарға қатысады.

- Асық ойынынан Нұр-Сұлтан қаласы құрамасында қанша адам бар?

- Құрамаға кірген 50-ден астам адам бар, ал жалпы астанамыз бойынша 500 бала асық ойыны үйірмесіне қатысуда.

АСЫҚ ОЙЫНЫНЫҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТАТЫН МЕЦЕНАТТАР КЕРЕК

- Асық ойынын дамыта түсу үшін қандай шаралар қолға алынуы керек?

- Асық ойынын дамыту үшін білім, спорт және бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді. Аты дардай компаниялар қолдау көрсетпейді. Асық ойының абыройын көтеріп, асқақтататын меценаттар керек. Асық ойынының дамуына әлі көп серпін керек. Мен қолдан келгенше дамыта беремін. Асық ойыны халықаралық деңгейде қалып отыр, менің арманым – Азия құрлығы деңгейінде өткізу. Оны іске асыру үшін елордада Асық орталығы болуы керек. Шетелден келген футболисті танып, асық ойнаудың хас шеберлерін неге танымаймыз? Мұның бәріне насихат жұмыстары керек. Қазақстан барысын, айтыскер ақындарды жақсы танимыз. Ал асықшыларды кім таниды? Насихаттау жұмыстары жақсы жүргізілмегендіктен кенже қалып отыр. Осы ойын түрін дәріптеп жүргеніміз үшін Бекболат Тілеуханов өткізген ұлттық спорт түрлерінен жарыста Алтын тұғыр номинациясын алдық. Қалалық әкімдік асықшыларға шәкіртақы тағайындады. Әзірге асықшыларға көрсетілетін қолдау осындай. Асық ойыны олимпиадалық спорт түрі емес, ұлттық спорт түрінің төресі дейін десең – қазақ күресі, көкпар ойыны деңгейіне жеткен жоқ. Уақыт керек деп жүре берсек – кеш қаламыз. Ұлттық ойын жанашырлары осыған көңіл бөлулері керек. Асық ойынын дамытқымыз келсе, қаладағы әр ауданда бір жаттықтрырушы болуы керек.

- Нұр-Сұлтан қаласының асық ойыны федерациясының басшысы ретінде қандай жұмыстар атқарып жатырсыз?

- Нұр-Сұлтан қаласының асық ойыны федерациясы атқарып жатқан жұмыс көп. Асық ойынынан мектеп лигасын өткіземіз. Жыл сайын сәуір айында оқушылар арасында ашық турнир болады. Ұлттық ойынымызды көргісі келетін шетелдіктерге ұлттық ойындарды көрсетеміз. 50-10 мың беріп, асық ойынын көрсетіп кетіңдер дейтін мекемелер болады. Маған керегі – олардың ақшасы емес, асық ойынына деген қызығушылығын оятуым әлдеқайда маңызды.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар