Ата-аналардың шағымынан кейін «Алматы дарыны» орталығының басшылары қызметінен босатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ағылшын тілінен қалалық Олимпиада нәтижелеріне қатысты дау-дамайға байланысты «Алматы дарыны» орталығының басшысы мен оның орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының тұрғыны Игорь Сабитов Facebook-тегі парақшасында қызы ағылшын тілінен республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде бірінші орын алып, кейін нәтижиелердің өзгеріп кеткені туралы жазды.

«Менің қызым қалалық олимпиадада ағылшын тілінде жеңіске жетті. Бірақ бір күннен кейін оның жеңе алмағаны белгілі болды», - деп жазды ол.

Қалалық білім басқармасы ата-аналардың шағымынан кейін қызметтік тексеру жүргізді.

«Игорь Сабитовтың және қалалық олимпиадаға қатысты түскен басқа да өтініштерге сәйкес, қызметтік тергеу жүргізілді. Ол «Алматы дарыны» қалалық орталығы қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін дұрыс орындамауы фактілерін растады», - деді білім басқармасының бастығы Ләззат Жылқыбаева.

Білім басшысының сөзінше, комиссия сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтарды анықтаған жоқ.

«Арнайы құрылған комиссия сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтарды анықтаған жоқ. Алайда, көптеген техникалық қателіктер болған. Осыған байланысты орталықтың басшысы мен орынбасары қызметінен босатылды»,- дейді ол.


Соңғы жаңалықтар