Атажұрттағы ұлылар шаңырағы - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақ киіз үйінің «түрленуі» - Жэньминь жибао (People Daily)

Ағымдағы аптада қытайлық «Жэньминь жибао» ақпарат порталында осындай тақырыпта жазба жарияланды.

Қытайлық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Шынжаңның Күнес ауданындағы қазақтар киіз үйден дәстүрлі қонақ үй ашып, шаруашылығын дөңгелентіп отыр екен.


Киіз үй – «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз айтып қалдырған ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы. Киіз үй – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ баспана болса да, оны қастерлеп ұстап, ғасырдан ғасырға мән-маңызын өзгертпей жеткізген қазақ халқы екені белгілі.

«Күнес ауданында тұратын Қайнар есімді қазақ азаматы 2018 жылдан бері киіз үй шаруашылығымен айналысып келеді. Ол өз ауласына 5 киіз үй тіккен. Табиғаты тамаша Күнеске қыдыра келген туристер оның үйіне соқпай кетпейді. Жақынғы жылдардан бері бұрынғы көшіп, қонып жүрген қазақтар мал шаруашылығымен ғана айналыспай, базарға бет бұрған. Аталған ауданда көптеген малшылар демалыс орындарында киіз үй тігіп, дәстүрлі қонақ үйлер аша бастаған. Қазір бұл жерде киіз үй қазақ ұлтының мәдени мұрасы, жергілікті орындағы ұлттық салт-дәстүрдің айырықша белгісі саналады» деп жазады «Жэньминь жибао».

Қазақ малшылары мыңғырған малымен бірге көктеуге көшті - Тяньшаньнет

Сәуір айының 15-нен Шынжаңның Алтай аймағы Бурылтоғай ауданындағы қазақ бақташылары көктеуге көшті, деп хабарлайды Қытайдың Тяньшаньнет ақпарат порталы.

Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, сәуір айы кірісімен Алтай аймағының Бурылтоғай ауданындағы малшылары әр жылы осы уақытта көші-қон жұмысын бастап кетеді. Бұл ауданда биыл 700-ден астам малшы отбасы 480 мың бас малды қыстаудан көктеуге көшірген.

«Жергілікті үкімет пәрменді шаралар қолданып, халықты кедейліктен құтқару үшін дәстүрлі шаруашылықты дамытып, малшылардың тұрмыс жағдайының жақсаруына көмектесуде» деп жазады Тяньшаньнет.


Олимпиада чемпионы 2 жылға жарыстан шеттетілді - ӨзА

Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы осы спорт түрінен Рио-2016 Олимпиадасының рекордшы жеңімпазы, өзбекстандық Руслан Нуриддиновты допингке қарсы ережені бұзғаны үшін 2 жылға барлық жарыстардан шеттетті, деп хабарлайды «ӨзА».

Мұндай шешім 2012 жылғы Лондон Олимпиадасы ойындарындағы допинг анализдерді 2018 жылы қайта сараптау нәтижесінде қабылданған.

ӨзА-ның келтірген дерегіне сүйенсек, 2019 жыл Спорт жөніндегі арбитраж соты (CAS) өзбекстандық ауыр атлетші Руслан Нуриддиновті допингке қарсы ережені бұзғаны үшін Лондон-2012 Олимпиадасында алған жүлдесі, топтаған ұпайы, медаль және сыйлықтарын қайтарып алған. Сондай-ақ, спортшының келесі мансабына байланысты шешімді қабылдау үшін Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығына жіберілген болатын. Қауымдастық ауыр атлетке екі жыл барлық жарыстардан шеттету жазасын қолдау жайлы шешім қабылдап, жаза мерзімін 2018 жыл 18 желтоқсаннан 2020 жыл 17 желтоқсанға дейін етіп белгілеген.

«Әндіжан облысының тумасы Руслан Нуриддинов Лондон-2012 Олимпиадасында 105 келі салмақта 4-орынды иеленген еді. Ал допинг дауына байланысты жағдай оның 2016 жыл Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада алған марапатына әсер етпейді», деп түйіндейді өзбекстандық БАҚ.


Иранда 76 мыңнан астам адам коронавирустан жазылып шықты - Фарс

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы уақытқа дейін Иранда коронавирус жұқтырған 76 мыңнан астам адам емделіп, ауруханалардан шығарылды, деп хабарлайды parstoday .

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, коронавируспен күрестің екінші кезеңінде елде 23 миллион адамға скрининг жасалған.

«Фарс» ақпарат агенттігінің келтірген дерегіне сүйенсек, Иранда 95 000-нан аса адам қауіпті індетті жұқтырған. Бүгінгі күнге дейін 76 318 науқас сауығып, ауруханалардан шығарылған.

Жұма күні Иранның денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен байланыс және ақпарат орталығының жетекшісі Киянуш Жаһанпур COVID-19 статистикасы бойынша соңғы 24 сағат ішінде 1,006 жаңа науқастың тіркелгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Иранда коронавирусты жұқтырғандардың жалпы саны 95,646 адамға жеткен.

«Киянуш Жаһанпур соңғы 24 сағат ішінде 63 адамның қайтыс болғанын айта келе, Иранда коронавирус ауруынан қаза тапқандар саны 6 091 адамға жеткенін хабарлады», деп жазды ирандық БАҚ.

Моңғолияда мұнай экспорты 80.6% азайды - Kaznews

Моңғолияның сәуір айының алғашқы аптасындағы тауар экспорты - 148.5 миллион доллар, ал импорт көлемі - 198,5 миллион долларды құрағанын хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпарат порталы.

«Экспорт көлемін өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда көмір 5,855 мың тоннаға (62.4 пайыз), мыс концентраты 61 мың тоннаға (14.6 пайыз), шикі мұнай 1,498 мың баррель яғни 80.6 пайызға азайған», деп жазады моңғолиялық БАҚ.


1600 жылдық табыт табылды - TRT

Табыттың ұзындығы - 1 метр 75 сантиметр, ені - 33 сантиметр, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Мысырлық археологтар Мысырдың оңтүстігіндегі Луксор қаласында перғауындар дәуірінен қалған 1600 жылдық табыт тапқан.

Түркия Радио Телевизия агенттігінің хабарына қарағанда, Мысырдағы Луксор қаласының Зира Әбу Неже аймағында жүргізілген қазбаларда 17-ші перғауын әулеті дәуіріне тиесілі шамамен 1600 жылдық тақтайдан жасалған табыт жарыққа шығарылған.

«Табыттың ішінде бальзамдалған 15-16 жасар бір әйел жатқаны, құлағының бірінде дөңгелек бақырдан сырға бар екені айтылды. Мысыр туындылары Жоғары басқармасының төрағасы Мұхаммед Абдулбеди аталған мумияның мойнында асыл тастардан жасалған төрт моншақ бар екенін айтты», деп жазады түркиялық ақпарат көзі.


Атажұрттағы ұлылар шаңырағы - Kaznews

«Атажұртым шалғайда, асыға жетер күн қайда?» деп аталар әңгімесін бастағанда-ақ сақалдары сағыныштың мөлдір кермегіне малшынып шыға келуші еді» деп басталады Kaznews -тегі мақала.

«Құтты атажұрт – Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік алып, шекарасын шегендегеннен кейін 1992 жылы 28 қыркүйектен 4 қазанға дейін Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті. Сол құрылтайда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Құшағымыз бауырларға ашық» атты жолдауы шеттегі қазақтарға «ұлы көштің» тиегін ағытқаны мәлім. Әйткенмен, шетелдегі қандастар атажұртқа бірыңғай көшіп те кеткен жоқ. Кейбіреулерінің жағдайы келмеді, кейі мекендеп қалған жат елдегі үйреншікті жерін қиып кете алмады», дейді жазба авторы.

Тұңғыш президент Н. Назарбаевтың қандастарымызды отанына оралтуда білім іздеген қазақ жастарының ұлы отанға деген ынтасын оятқаны баяндалады.

«Соның нәтижесінде біз секілді атамекеннен білім алуды армандаған жастарға бірталай ұтымды да жайлы жағдай жасалды», дейді автор.

Бұл мақалада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сөз болады.

Автор аталған жоғары оқу орнының ұзақ тарихын айта келе, ҚазҰУ-де қазақтың ұлы тұлғаларының сабақ беріп, ұстаздық міндет атқарғанын, осында оқып білімін шыңдаған біртуар дарын иелерінің қатары аз емес екенін тілге тиек етеді. Мұнда алдымен Мұхтар Әуезовтың тәлімін алған Зейнолла Қабдолов, Қирабаевтар еске түсетінін айтады.

«Қазақ зиялыларының маңдай алды маңмаңгерлері де осы университеттің қабырғасында білім алған. Атап айтар болсақ, Б. Кенжебаев, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, Дулат Исабеков, Қ. Мырза-Әлі, Т. Молдағалиев, Т. Жұртбай, Ж. Ерман, Н. Оразалин, О. Сүлейменов, Ә. Нұршайықов, Р. Алшанов секілді даңқты тұлғаларды тізбектеп айта беруге болады», деп жазады автор.

Мақала соңында Қазақстанның аталмыш жоғары оқу орны 2001 жылдан бастап ЖОО-на дайындық курстарын ашқаны айтылады.

«2001 жылдан бері дайындық курсы ашылып, атамекенін аңсап келген шетелдегі білімге жаны құштар қазақ диаспорасын қанаттандырып келеді. Өркен жая бер, ұлыларды ұшырған қара шаңырағым» деп түйінделеді бұл мақала.




Соңғы жаңалықтар