Атырау әкімі 30 наурыздан енгізілетін шектеулер туралы айтты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –30 наурыздан бастап Атырау қаласына кіріп-шығу шектеледі. Бүгін бұл туралы Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімінің мәліметінше, коронавирустың таралуына қатысты қазіргі жағдайды ескере отырып, ертең Атырау қаласына кіріп-шығуға және қоғамдық көлік жұмысына шектеулер қойылады.

«Қызмет көрсету секторының қызметі (сұлулық салондары, моншалар және т.б.), жабық құрылыс базарлары, сауда орталықтары мен маңызды тауарларға қатысы жоқ сауда нүктелері, тауарларды жеткізу арқылы сату мүмкіндігін сақтай отырып қызметін тоқтатады. Балабақшалардың да жұмысы тоқтатылады. Азық-түлік базарлары мен дүкендер, дәріханалар, коммуналдық қызметтер, жөндеу қызметтері, тазалау және зарарсыздандыру қызметтері шектеусіз жұмыс істейді», - деп жазды Қайрат Оразбаев.

Оның айтуынша, барлық жұмысты облыстық штаб үйлестіреді. Әкімдіктер жұмысы онлайн режимінде қолжетімді болады. Әлеуметтік желілердегі азаматтардың барлық өтініштері бақыланады. Жауаптар 109 сенім телефоны арқылы беріледі.


Соңғы жаңалықтар