Атырау кәсіпкерлері ауруханаға 3,2 мың дана дәрі алып берді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атыраулық кәсіпкерлер №2 облыстық инфекциялық аурухананың провизорлық стационарына дәрі-дәрмектің 10 түрін алып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атамекен» ҰКП Атырау облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкер Махмут Мералиев жергілікті денсаулық сақтау мекемелеріне дәрі-дәрмек алып беру үшін қаржы жинауға бастама көтерген. Соған байланысты кәсіпкерлер, облыстық әкімдік пен Денсаулық сақтау басқармасының, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен жұмысшы тобы құрылған. Ал, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қажетті дәрі-дәрмектің тізімін ұсынған.

Жұмысшы топ жетекшілерінің бірі, «Идеал Маркет» ЖШС-нің бас директоры Талғат Бекеновтің айтуынша, алғашқы екі күнде «Сана» қайырымдылық қорына 30 млн теңге жиналған.

«Қордың есепшотына түскен қаржының бір бөлігі облыстық аурухана сұратқан ең қажетті дәрі-дәрмек жиынтығын сатып алуға жұмсалды. Біз №2 облыстық инфекциялық аурухана жанындағы повизорлық стационарға дәрінің 10 түріп, барлығы 3 245 данасын тапсырдық. Оның ішінде дексаметазон, цианокобаламин, пиридоксин, цефтриаксон, азитромицин, ингавирин және басқа да дәрілер бар.

Бірақ, бұл препараттарды табу өте қиын болды. Көтерме бағамен жеткізетін компаниялар өте баяу жауап береді. Соған қарамастан, біз өңірдегі өзге де емдеу орындарына қайтарымсыз көмек беруді көздеп отырмыз», - дейді Талғат Бекенов.

Еске сала кетелік, Атырау облысына шұғыл түрде дәрі-дәрмектің алдымен, 430 түрі, кейін тағы 470 түрі жеткізілген болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысындағы ахуал туралы қоғам өкілдерінің шағымдарымен танысқанын, өңірге дәрігерлер мен дәрі-дәрмек жіберілетінін мәлім еткен еді.

Қазір Атырау өңірі коронавирусқа шалдыққан науқастар саны бойынша елімізде алдыңғы орында тұр.

Осы ретте, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған делегация Атырау өңіріне барып, шұғыл жиын өткізді.

Вице-премьер мәлім еткендей, облыс дәрі-дәрмекпен 94 пайызға қамтылған.

Кеңес барысында эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға қатысты қолға алынатын шаралар айтылды.

Ал 11 шілде күні сағат 00.00-ден бастап Атырау облысында карантин шаралары күшейтілді.


Соңғы жаңалықтар