Атырау облысына Ресейден 6 дәрігер көмекке келді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласынан келген ресейлік дәрігерлерді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қабылдап, қалыптасқан ахуалды түсіндіріп, жұмысына табыс тіледі. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

«Жағдайды көріп отырсыздар. Елімізде қазір коронавируспен бірге пневмония дерті де ушығып тұр. Осы айда облыстық аурухана жанынан 400 орындық инфекциялық стационар ашылады, сонымен бірге Құрманғазы ауданынан да қосымша орындар жасақталып жатыр. Біз қажетті стационарлық орынмен, дәрі-дәрмекпен, құрал-жабдықпен толықтай қамтамасыз етеміз. Бастысы, сол жасақталып, ашылып жатқан орындарда науқастарды емдейтін дәрігерлер керек. Жылдар бойы келе жатқан медициналық мамандар тапшылығы қиын кезде анық байқалды», - деп атап өтті Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.


Сондай-ақ аймақ басшысы жақын арада Ресейдің Астрахан облысынан тағы бес дәрігер маман келетінін де айтты.

«Пандемиямен күреске жұмылдырылған барлық дәрігерлерге жағдайы жасалған әрі жан-жақты қолдау жалғаса береді»,- деді ол.

Уақытша сапармен келген ресейлік дәрігерлер Атырауда үшінші тамызға дейін жұмыс істейді.


Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында медицина саласында 278 маман жетіспейтінін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар