Атырау облысында 32 көпбалалы отбасы баспаналы болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының Индер ауданының орталығы Индербор кентінде көпбалалы 32 отбасыға «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жаңа баспана кілті табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кенттегі «Болашақ» ықшамауданында жаңадан бой көтерген «Ару Ана» тұрғын үй алабында 32 көпбалалы отбасы жарық та жайлы жаңа үйдің иесі атанды. Ауданы 110 шаршы метрді құрайтын үйлер барлық негізгі қажеттіліктермен қамтылған. Соның бірі - 5 перзенттің анасы Эленора Мухитова.

«Қуанып тұрмын. 6,5 жылдан бері баспана кезегінде тұрдым. Осы уақыт ішінде анамның үйінде де тұрдым, үй жалдап та жүрдім. Бүгін, міне, баспанаға қол жеткізіп, қуанышым қойныма сыймай тұр», – дейді көпбалалы ана.

Батыр аналарға баспана кілтін өз қолымен табыс еткен аудан әкімі Мейірім Қалауидың сөзіне сенсек, ауданда баспана кезегінде тұрған 1218 индерлік бар болса, соның 160-ы - көпбалалы отбасылар.

«Облыс басшы Нұрлан Асқарұлының тікелей қолдауымен Индер ауданында бұрын-соңды болмаған қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл шара да - сол жұмыстардың жемісі. Жыл соңына дейін осы санаттағы отбасыларға тағы да 21 үй табыстағымыз келіп отыр. Ал, келер жылы осы көпбалалы отбасыларға арналған 80 пәтерлік көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға береміз деп отырмыз», - деді аудан әкімі.

Бұдан бөлек, 2020 жылы аудан орталығында баспана қоры 48 пәтерлік 4 көпқабатты үймен толықпақ. Бұл үйлер де кезекте тұрған азаматтарға табысталады.

Оған қоса, бүгін «Ару Ана» тұрғын үй алабы жанынан салынған 80 орындық музыкалық мектеп пайдалануға берілді. Онда осы маңда тұратын 250-ден астам баладан бөлек, Индербордың басқа да өнерпаз жастары домбыра, баян, фортепиано, вокал, хореография үйірмелеріне қатыса алады.

Соңғы жаңалықтар