Атырау облысында 776 млн теңге қаржыны игеруде заң бұзушылық анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында үш айда 776 млн теңгенің қаржылық бұзушылығы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Тексеру комиссиясының төрағасы Равиль Төлебаевтың мәліметінше, осы кезеңде 24 мемлекеттік нысанға үш аудиторлық іс-шара өткізілген. 19 млрд 498 млн теңге қаражатқа мемлекеттік аудит жасалған.

«Аудиторлық іс-шаралар кезінде 776 млн теңге қаржыны игеруде ел заңнамасы нормаларының сақталмағаны анықталған. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 93,6 млн теңге. Ал, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының (активтердің) сомасы 214,7 млн, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражатының (активтердің) сомасы 467,7 млн теңге болса, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар саны – 229», - деп хабарлады Равиль Төлебаев.

Оның айтуынша, қалпына келтіруге (өтеуге) жататын қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 144 млн теңгені құраған. Мемлекеттік аудит нысандарымен 32 млн теңге қалпына келтірілген.

«Талдау көрсеткендей, аудиторлық іс-шаралардың қорытындысымен анықталған бұзушылықтардың айтарлықтай үлесі Бюджет кодексі, Бухгалтерік есептілікті жүргізу нормаларының сақталмауынан болған. Аудит қорытындысына сәйкес, анықталған бұзушылықтарды және жұмыстағы кемшіліктерді жою мақсатында 5 ұсыныс пен 59 тапсырма берілді. Оның ішінде 5 ұсыныс пен 46 тапсырма толық көлемде орындалды. Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижесімен бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау дерегіне қатысты 2 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, материалдары сотқа жолданды. Уәкілетті органдарға шара қолдану үшін жолданған аудит материалдары негізінде 45 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 1 189,0 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды», -деп мәлім етті Равиль Төлебаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында әкімдік есепшісі 18,4 млн теңгені жымқырғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар