Атырау облысында екі күнде 11 мың гектар алқап жанып кетті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысының Қызылқоға ауданында екі күнде 11 530 гектар жердің құрғақ шөбі өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 шілде күні сағат 12:25-те алдымен, Сағыз ауылдық округінен 70 шақырым қашықтағы Тасқұдық елді мекенінде құрғақ шөп тұтанған. Дала өрті түнгі сағат 23:25-те оқшауландырылып, 13 шілдеде сағат 00:30-да толықтай сөндірілген. Оған Мұқыр ауылдық округінің 15 тұрғыны мен 1 техника, Кенбай кен орнынан 5 адам мен 1 техника тартылған. Жалын найзағайдың түсуінен болған.

Сол күні, сағат 12:30-да аталған аудан аумағындағы Тасшағыл ауылдық округінен 36 шақырымдағы Апантай, Жапалақ-1, Жапалақ-2, Қособа, Әжібай, Қарағай, Ұшақ ұшы, Айғыршағыл, Жуалы, Қосбиек, Шәріп, Әмір, Байқоңыр учаскелерінде де құрғақ шөп жанды. Бұл учаскелерде өрт 13 шілдеде сағат 03:30-да оқшауландырылып, таңғы сағат 04:20-да толығымен ауыздықталды. Мұнда да дала өрті найзағайдан тұтанған. Төтенше жағдайлар департаментінің 7 қызметкері мен 1 техникасы, Тасшағыл, Көздіқара, Миялы ауылдарынан 26 адам мен 9 техникасы жалынмен күреске жұмылдырылды.

Сондай-ақ, 13 шілдеде Тасшағыл ауылдық округінен 15 шақырым жерде далалы аумақ өртенді. Ал Қарағай, Қарақұдық, Байбек, Әжібай учаскелерінде 650 гектар аумақтың құрғақ шөбі жанып кеткен. Бұл учаскелердегі жалынды ауыздықтаумен ерікті жасақтардың 80 адамы айналысты. Оған 10 техника тартылды. Өрт сағат 23:20-да толықтай сөндірілген.

«Екі күнде тіркелген дала өрттерінен зардап шеккендер жоқ. Елді мекендерге қауіп төнбеген», - деді департаменттен.


Соңғы жаңалықтар