Атырау облысында коронавирус жұқтырғандар саны 15 мыңнан асты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Қызыл» аймақтағы өңірдің бірі – Атырау облысында былтырғы наурыздан бері коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны 15 мың адамнан асты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылғы 28 наурыздан биылғы 17 қаңтарға дейін коронавирус инфекциясының 15 030 жағдайы тіркелген.

Оның ішінде 4186 жағдай - симптомды, 10 844 жағдайы - симптомсыз болып отыр.

«Осы кезеңде Атырау қаласында – 6339, Жылыой ауданында – 6590, оның ішінде Теңіз кен орнында – 5352, Құлсары қаласында 1238 науқас тіркелді. Ал, Индер ауданында – 404, Исатайда – 262, Қызылқоғада – 485, Құрманғазыда-382, Мақатта – 310, Махамбет ауданында 258 адам қауіпті вирусқа шалдықты» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал өткен тәулікте 78 адам қауіпті вирусты жұқтырған. Теңіз кенішінде 72 жұмысшы, Атырау қаласында – 1, Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында 5 науқас анықталған.

«Науқастардың жетеуі денсаулық жағдайына байланысты медициналық көмекке жүгінген. Скрининг кезінде 47 адамнан COVID-19 анықталған. Инфекция жұқтырған науқастармен 24 пациент қарым-қатынаста болған» деді баспасөз қызметінен.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте коронавирус инфекциясынан 135 адам емделіп шыққан.

«Соңғы мәліметке сәйкес, қазір 248 адам үй жағдайында емделіп жатыр. Облыстық инфекциялық стационарда 97, аудандардағы стационарларда 34, Теңіз кенішіндегі стационарда 732 адам ем қабылдауға жатқызылды» деп ақпарат таратты басқарманың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 71 адамнан коронавирус анықталған еді.


Соңғы жаңалықтар