Атырау облысында шалғын көбелегі егін алқаптарына зиян келтіріп жатыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында шалғын көбелегі егін алқаптарына зиян келтіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, шаруалардың Махамбет, Индер аудандары мен Атырау қаласының маңындағы жайылымдық, егін алқаптарына шалғын көбелегі қаптап, зиян келтіруде.

«Осыған байланысты салаға жауапты орынбасарыма нақты тапсырма бердім. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін аудандарда жедел жұмыстарды ұйымдастырып, улау жүргізетін мекеме мен арнайы мамандарды шақыру қажет. Олар тез арада жұмысқа кірісуге тиіс», - деді Серік Шәпкенов.

Әкімнің пікірінше, жауапты басшылардың шаруаларды ұйымдастыру жұмыстары жеке бақылауында болады.

Осыған ұқсас жайт мамырда Атырау облысының Қызылқоға ауданында тіркелген еді. Мұнда жусан құртынан 800 гектар жайылым зақымданған. Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Әбила Қазиеваның айтуынша, зақымданған жайылымға зерттеу жүргізілген.

«Қызылқоға ауданында әр жылдары мұндай зиянкес кездесіп жүр. Алайда, жайылымға зияны тимеген еді. Ал, биыл 800 гектар жайылымда жусан жемірінің дернәсілі әртүрлі жас сатысында екені анықталды. Мәселен, Сағыз ауылдық округіндегі «Әнет», «Алып Ана» шаруа қожалықтарының әрқайсысына тиесілі 200, «Тощий» шаруа қожалығының 100, Мұқыр ауылдық округінде тіркелген «Қызыл бұлақ» шаруа қожалығының 100 гектар жайылымы жусан жемірінен зақымданғаны анықталып отыр. Сондай-ақ «Сағыз – Миялы» бағытындағы жолдың бойында орналасқан Сарқужақ участогінде де 100 гектар жайылымдық жерге зиян келген», - дейді Әбила Қазиева.

Оның айтуына қарағанда, шаруа қожалықтары осындай зиянкестерге қарсы күрес шараларын өз қаражаты есебінен жүргізуі керек.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы 800 гектар жайылым жусан құртынан зақымданғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар