Атырау облысында шалғын көбелегіне қарсы 4,5 мың гектар алқап өңделді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында шалғын көбелегіне қарсы 7,5 мың гектар егін алқабын өңдеу қажеттілігі туындады. Қазір оның 4,5 мың гектары өңделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінен түскен ақпаратқа сәйкес, Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев шалғын көбелегі қаптаған егін алқаптарын өңдеу жұмысын тексерген.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, 6 маусымда егін алқаптарына шалғын көбелегінен зиян келгені анықталған. Егін шаруашылығымен айналысатын өңірдегі 300-ге жуық шаруа қожалығының 100-ге жуығы шалғын көбелегінен зардап шеккен.

Осыған байланысты туындауы мүмкін төтенше жағдайдың алдын алу және оның зардабын жою мақсатында шұғыл штаб отырысы өтіп, тиісті жұмыстар атқарылған.

«Бүгінге дейін 20 гектар егін алқабына мониторинг жүргізілді. Мониторинг нәтижесінде 7,5 мың гектар алқапты өңдеу қажеттілігі туындады. 4,5 мың гектар егін алқабына улау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 800 гектар алқапты шаруашылықтар өз күшімен өңдеді. Өзге алқапты өңдеу жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға және демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды», - дейді Қайрат Нұрлыбаев.

Оның айтуынша, шалғын көбелегінің егіс алқабына зиян келтіру жағдайы тіркелген бойда Батыс Қазақстан облысынан улау жұмыстарын жүргізетін арнайы мекеменің мамандары шақырылған. Қазір Индер, Махамбет, Қызылқоға аудандарындағы алқаптарды өңдеу әлі жалғасып жатыр.

«Егін алқаптарын өңдеу жұмыстарының нәтижесінде шалғын көбелегінен төнетін қауіп сейілді. Шаруа қожалықтарына аталған жағдайдың алдын алу бойынша кеңес беру және дәрімен қамтамасыз ету атқарыла береді. Шаруа қожалықтары егін алқабына құрт түсу қаупін жедел хабарласа, одан келетін зиянның алдын алуға барынша көмек береміз», -дейді Қайрат Нұрлыбаев.

«Абай» шаруа қожалығының жетекшісі Жанболат Бисекенов мұндай тосын жағдайға алғаш рет кезіккен. Ол қазір егін алқабын қорғау мақсатында өз техникасымен улау жұмыстарын күшейткен.

Шалғын көбелегі егін алқабына түспеуі үшін ерте қамданған шаруалар да бар. Соның бірі – «Кан Г.В» шаруа қожалығы.

«Шалғын көбелегіне қарсы улау жұмыстарын ерте бастадық. Көршілес Ресейдегі шаруалар осындай жағдайға тап болғанын естіп, біз бірден улауға кірістік. Міне, соның нәтижесінде шалғын көбелегі егін алқабына кіре алмады», - дейді «Кан Г.В» шаруа қожалығының жетекшісі Андрей Кан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында шалғын көбелегінен 100-ге жуық шаруашылық зиян шеккенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар