Атырау облысында тұмауға қарсы вакциналау басталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырау облысында тұмауға қарсы вакцина салу басталды. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

№1 Атырау қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнагүл Шаумованың айтуынша, тегін вакцина жасы алты айдан асқан балаларға, жүкті әйелдерге, медицина қызметкерлеріне және созылмалы сырқатпен диспансерлік есепте тұрған науқастарға, жасы 60-тан асқан егде адамдарға салынады.

«Ал, мекемелер тарапынан ақылы түрде екпе алуға өтінішті жергілікті емханалар арқылы беруге болады. Тұмауға қарсы салынатын вакцина Ресейден шығарылған. «Гриппол+» деп аталатын вакцинаны өткен жылдан бері қолданып келеміз. Былтыр облысқа 30 мың вакцина жеткізілсе, биылға 60 мың доза екпе әкелінді. Вакцина құрамы қарапайым, тұмаудың А(H3N2), А(H1N1) және В антигендері ғана бар. Сондықтан, екпені қорықпай алуға болады», - дейді Айнагүл Шаумова.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тамақ ауыру, әлсіздік, түшкіру, ыстық көтерілу секілді тұмаудың алғашқы белгілері білінген бойда жергілікті емханаға қаралуға кеңес береді. Себебі, күн суытқан мезгілде вирустық жұқпалы аурулардың таралу қаупі жоғарылайды.

Соңғы жаңалықтар