Атырау облысында жол құрылысынан 151 кемшілік анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жол құрылысынан 151 кемшілік анықталды. Оның ішінде 41 өрескел ақау бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының директоры Бекбол Мұқашовтың мәліметінше, республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысын, әртүрлі сипаттағы жөндеу жұмыстарын, сондай-ақ, жол салуға қажетті материалдардың сапасын тексереді.

«Жыл басынна бері 63 нысанға бақылау жасалды. Жол құрылысын жүргізу жұмыстарына 417, қысқы маусымдағы жолдардың күтімін қадағалау үшін 18 рет тексеру ұйымдастырылды. Тексерудің нәтижесінде 151 кемшілік анықталды. Оның ішінде 41 өрескел ақаулық бар. Жол құрылысына қажетті материалдардан 405 сынама алып, тексеру үшін филиал зертханасына жеткізілді. Зертханалық тексеру кезінде 60 сынаманың талапқа сәйкес еместігі расталды» -дейді Бекбол Мұқашов.

Оның айтуынша, тексеру кезінде анықталған кемшіліктерді жою үшін жол құрылысына тапсырыс берушілер мен мердігер мекемелерге ұсыныс хат жолданған. Орталық мамандары анықталған кемшіліктерді уақытылы қалыпқа келтірілуін қатаң бақылауда ұстайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атыраудан Ресейге баратын жолды жөндеу қалай жүріп жатқанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар