Атырау облысындағы 800 гектар жайылым жусан құртынан зақымданған
2022 жылғы 19 мамыр 00:35

Атырау облысындағы 800 гектар жайылым жусан құртынан зақымданған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Қызылқоға ауданында жусан құртынан 800 гектар жайылым зақымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Әбила Қазиеваның айтуынша, 18 мамырда зақымданған жайылымға зерттеу жүргізілген.

«Қызылқоға ауданында әр жылдары мұндай зиянкес кездесіп жүр. Алайда, жайылымға зияны тимеген еді. Ал, биыл 800 гектар жайылымда жусан жемірінің дернәсілі әр түрлі жас сатысында екені анықталды. Мәселен, Сағыз ауылдық округіндегі «Әнет», «Алып Ана» шаруа қожалықтарының әрқайсысына тиесілі 200, «Тощий» шаруа қожалығының 100, Мұқыр ауылдық округінде тіркелген «Қызыл бұлақ» шаруа қожалығының 100 гектар жайылымы жусан жемірінен зақымданғаны анықталып отыр. Сондай-ақ «Сағыз – Миялы» бағытындағы жолдың бойында орналасқан Сарқужақ участогінде де 100 гектар жайылымдық жерге зиян келген», -деп хабарлады Әбила Қазиева.

Оның айтуына қарағанда, шаруа қожалықтары осындайн зиянкестерге қарсы күрес шараларын өз қаражаты есебінен жүргізуі керек.

«Қазір осыған байланысты жергілікті атқарушы органның өкілдері түсінік жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұндай зиякестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мекемелерден баға ұсынымдары алынды. Ауыл шаруашылығы бағытындағы жерге жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстарының есебі жасалып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына берілді», -деп мәлім етті Әбила Қазиева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 211 жылқының қандай ауруға шалдыққаны анықталғанын жазған едік.


Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT