Атырау облысындағы Ақжайық резерватының аумағында тағы қамыс өртенді
«Каспий теңізінің жағалауына ғарыштан мониторинг жүргізу кезінде 19 мамыр сағат 16:15-те «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында өрт ошағы тіркелді. Резерват қызметкерлерінің мәліметін тексеру кезінде қамыс өртінің Атырау қаласынан 25 шақырым қашықтағы Каспий теңізінің жағалауында тұтанғаны анықталды. Өрттің аумағы - шамамен 5 га», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Қамыс өртінен елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Өртті сөндіру үшін «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 10 адам, 2 қайық, 2 мотопомпа тартылған. Кеше кеште, 19 мамырда 3 гектар аумақтағы өрт сөндірілді. Жалынды сөндіру әлі де жалғасып жатыр.
Бұл – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тіркелген екінші өрт. Бұдан бұрын 21 сәуірде аталған резерватта 9 га қамыс өртенген еді.
Резерват Үкіметтің 2009 жылғы 6 ақпандағы №119 қаулысымен Жайық өзенінің сағасында құрылған. 2009 жылдың 1 сәуірінде Жайық өзенінің сағасы мен Каспий теңізі жағалауының аумағы халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлер тізіміне енгізілді. Ал, 2014 жылы аталған резерват ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының дүниежүзілік жүйесіне кірген. Мұнда құстардың 20, жәндіктердің 24, бауырымен жорғалаушылардың 2 түрі кездеседі.