Атырауда 100-ге жуық сотталушы рақымшылық аясында бостандыққа шықты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жыл басынан бері 100-ге жуық сотталушыға рақымшылық жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті арнайы есеп тобының аға инспекторы Ботагөз Ізтілеуованың мәліметіне сүйенсек, Президенттің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты сотталғандарға рақымшылық жасау туралы жарлығына сәйкес түзеу мекемесінен 27 сотталушы, пробация қызметінің есебіндегі 70 адам босатылған.

Ал, түзеу мекемелеріндегі 44 сотталушы мен пробация қызметінің есебіндегі 155 адамның жаза мерзімі қысқартылып отыр.

«Біз өткен жылы желтоқсан айында прокуратура, сот және сотқа дейінгі тергеу органдарының өкілдерімен Президент жарлығын іске асыру бойынша бірлескен кеңес өткіздік. Жарлық қолданысқа енгізілген сәтте рақымшылыққа жататын адамдардың тізімін түпкілікті айқындау тұрғысынан жеке істерді мұқият зерделедік. Әр сотталушы туралы материалдарды кезең-кезеңімен сотқа жібердік. Арнайы жарлық аясында рақымшылық жасауға жататын сотталғандардың саны 325 болды. Рақымшылық жасауға онша ауыр емес қылмыс жасаған адамдар, залал келтіруге әкеп соқпаған ауырлығы орташа қылмыс жасаған не оны толық өтегендер, сотталушыларға азаматтық талап қойылмағандар, залалдың немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар, ата-ана құқықтарынан айырылмаған және кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер жатады», -дейді Ботагөз Ізтілеуова.

Оның айтуынша, рақымшылық туралы жарлыққа сәйкес босатылған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдар мен консультативтік-кеңесші органның кезектен тыс отырысы өткізілген.

Еске сала кетелік, Атырауда жұмыс істейтін сотталушылардың салығы мен зейнетақы жарнасы аударылмағанын жазған болатынбыз.


Фото: ktrk.kg
Соңғы жаңалықтар