Атырауда 9 айда экономикалық қылмыстардың залалы 2,8 млрд теңгені құрады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 9 айда экономикалық қылмыстардың залалы 2,8 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық Экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Қахарман Жәрдемовтің мәліметінше, бизнесте жиі кездесетін заң бұзушылықтар салық төлеуден жалтару, жалған шот-фактураларды шығару, мемлекеттік қаражатты жымқыру немесе ұрлаумен байланысты болған.

«Биылғы 9 айда департаменттің өндірісінде 71 қылмыстық іс болды. Оның ішінде департамент қызметкерлерімен сотқа дейінгі тергеу басталған 56 қылмыстық іс бар. Бұл тергеу жүргізіліп жатқан істердің жалпы санының 78,9%-ын құрап отыр. Ал 34 қылмыстық істің 18-і сотқа жолданып, 16 іс ақталмайтын негіздерге сәйкес қысқартылды. Тергеуі аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залалдың сомасы 2,8 млрд теңгені құрады. Оның 2,4 млрд теңгесі мемлекет пайдасына өтелді» -деді өңір кәсіпкерлерімен кездесуде Қахарман Жәрдемов.

Оның айтуынша, Д. есімді әйел құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген. «Күдікті 2017-2019 жылдары 715 млн теңгеден астам мөлшерде залал келтіре отырып, әртүрлі кәсіпкерлік субъектілерінен бюджетке салық төлеуден жалтаруға ықпал еткен жалған шот-фактуралар жазып берген. Сот үкімімен Д.-ның қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлкін тәркіленіп, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушыларына түрлі жылдарға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті Қахарман Жәрдемов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында білім басқармасының экс-шенеунігі сотталғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар